Ұлттық спорттағы ұлы жеңіс
VI Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына биыл алғаш рет енген омыртқа сындыру сайысында ұлттық құрама қола медаль еншіледі. Олар жүлделі болып қана қоймай, көнеден келе жатқан ұлттық дәстүр – жілік сындыруды да насихаттап қайтты. Үлкен күш пен әдісті талап ететін байқауда Қазақстанның намысын Ақмола облысының сақа жігіттері қорғады. Бес адамнан жасақталған командалық сынның шарты бойынша әр қатысушы бір қолмен үш омыртқаны тас-талқан етуі тиіс еді. Солардың арасында алпысты алқымдаса да, апайтөс жігіттермен бәсекелескен Хамза Шұбаев та бар. 30 жыл бұрын той-думаннан басталған бұл қызығушылығы үлкен спортқа ұласып отыр.
Хамза Шұбаев, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жүлдегері:
Дайындалып барған жоқпыз, біз жілікті насихаттап көрсетейін деп едік. Сол омыртқаға түстік. Оны әдіспен емес, біздің жігіттер күшпен алды. Ойымыз енді – Қазанда өтетін жарыста, Көшпенділер ойынында 2028 жылы омыртқа да сындырамыз, жілікті де сындырып, бірінші орын алу.
Жеңіс тұғырынан көрінгендердің қатарында тек физикалық спорт емес, зияткерлік сайыста оқ бойы озық шыққандар да бар. 54 елдің зияткерлері бақ сынаған сайыста қазақ балалары қара үзіп, ешкімге дес бермеді. Ұлттық құраманың намысын қорғағандар қатарында қостанайлық өрен Айдын Жәкиев те бар. Ол Президенттің қолынан кеше «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін алды.
Айдын Жәкиев, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы:
Жарыс қиын болды. Жарыс өте үлкен жауапкершілікті талап етті. Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Колумбия елдерінің спортшылары өте мықты деңгейде дайындалып келген. Жеңдік.
Еске сала кетейік, дүрбірлі додаға 113 елден 3 мыңға жуық спортшы қатысып, 43 спорт түрінен жүлделерді сарапқа салды. Жалпы командалық есепте Қазақстан құрамасы көш бастады. Спортшылар 74 медаль еншіледі. Оның 32-сі алтын, 20-сы күміс және 22-сі қола жүлде.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы