Қызылордалық суретші шыныдан картина салады
Қызылорда облысының 100-ге жуық креаторы Елордаға келіп, өңірдің шығармашылық әлеуетін Астана жұртшылығына таныстырды. «Тамырдан туындыға…» деп аталатын көрмеде Сыр елінің брендіне айналған ақ күріштен бастап, түрлі авторлық жобалар ұсынылған.
Қызылордада Қазақстандағы ең ірі шыны өндіретін жалғыз зауыт бар. Сол кәсіпорында жасалатын әйнектерді суретшілер шығармашылыққа пайдалана бастады. Мәселен, Дәулет Тойшыбай соққылы нүктелік шыны гравюрасы техникасымен картиналар жасауды қолға алған.
Дәулет Тойшыбай, суретші:
Мен өзім әртүрлі жанрда ізденісті жақсы көрем. Осы әйнекке сурет салу техникасын зерттегеніме 3-4 жыл болды. Наурыз айында ең бірінші рет Ахмет Байтұрсынов атамыздың суретін салдым. Содан бастап барлық қазақтың зиялыларының суретін салып, алғаш рет көрмемді өткіздім.
Сыр елінде зергерлік өнерді заманға сай бейімдеп, насихаттап жүрген шеберлер көп. Мәселен, Бекзат зергер күмістен түрлі әшекейлер ғана емес, қылқобыз бен сазсырнай жасайды. Келесі залға өтсек, ағаш пен сүйектен жасалған ұлттық аспаптарды байқаймыз. Одан соң, балаға әлди айтып, бесікке бөлеуді насихаттайтын кітаптар мен бұйымдар көзге түседі.
Мейрамбек Шермағанбет, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары:
Креативті индустрияның 46 бағытының 21 бағыты бойынша қазір заттар әкелініп отыр. Жалпы Сыр өңірінің 100 шеберлерінің, креаторшыларының 74 млн теңге көлемінде заттары көрмеге қойылған.
Жасанды интеллект пен цифрлық даму залында қызылордалық шеберлердің туындысын сатуға мүмкіндік беретін маркетплейс таныстырылды. Ары қарай дәстүрлі кілемдер, ұлттық киімдер, иллюстрация мен арт аймақ бар. Әлбетте бәрін көзбен көрген, бағасын берген дұрыс. Шара «Creative Aimaq» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Ертең де жалғасын табады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы