Қазақ өнерінің жарқын жұлдыздарына құрмет көрсетілді
Биыл көрнекті режиссер, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толды. Осыған орай Алматыда қазақ киносына балалықтың мөлдір әлемін алып келген режиссердің құрметіне көрме ұйымдастырылып, «Менің атым Қожа» фильмі көпшілікке көрсетілді. Іс-шараға жиынға зиялы қауым өкілдері, ұлттық кино өнеріне өлшеусіз үлес қосқан қайраткерлер қатысты.
Талантты кинорежиссер Абдулла Қарсақбаевтың шығармашылығының биік шыңы, тұтас бір ұрпақтың балалық шағын бейнелеген – «Менің атым Қожа» фильмі. Бердібек Соқпақбаевтың повесі негізінде түсірілген туынды қазақ баласының мінезін, арманын, ерекше нәзіктікпен бейнеледі. Оның режиссерлік қолтаңбасының ерекшелігі де осында, дейді ізбасарлары.
Майра Қарсақбаева, кинопродюсер:
Абдулла Қарсақбаевтың киносында қазақтың дәстүрі, мәдениеті сол күйінде сақталып қалған. Оның бүкіл киноларын көріп жатсаң, қазақтың бұрынғы өміріне барып келгендей боласың. Қазақтың тарихын кино арқылы кино киімдері, сөйлеген сөздері, сөйлеген ақыл мәтелдері арқылы жеткізіп кетті деп ойлаймын.
Сонымен қатар қазақ киносы күніне орай Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында ұлттық кинематографияның дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғаларға арналған естелік жұлдыз тақтайшалар ашылды. Олардың қатарында Әзербайжан Мәмбетов, Сламбек Тәуекел, Нұрлан Сегізбаев, Бауыржан Нөгербек сынды бірқатар өнер қайраткерлері бар.
Дінмұхамед Әкімов, Қазақстанның халық әртісі:
Ол кісілерді еш уақытта ұмытуға болмайды. Олар қазақ киносын Ш.Айманов ағаларымыздан бастап қазақ киносын көтеріп, жолға салып кеткен. Біз соны ақырындап, жалғастырып келеміз.
Уақыт өтсе де, қазақ киносына өлшеусіз еңбек сіңірген аға буынның шығармашылық мұрасы өз маңызын жоғалтпайды. Олардың қалдырған ізі – бүгінгі кино мамандарына жол көрсететін, келер ұрпаққа аманат болатын құнды қазына, дейді қазақ өнерінің көрнекті өкілдері.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы