Басты Жаңалықтар Өнерлі әулет туындыларын ұлттық нақышпен ұштастырып отыр

Өнерлі әулет туындыларын ұлттық нақышпен ұштастырып отыр

Шымкентте бейнелеу мен қолөнерді атакәсіпке айналдырған ордалы отбасы тұрады. Бұл әулеттегі шеберлердің өзгешелігі сол өнерді ұлттық нақышпен ұштастыра білген. Бір шаңырақты шеберханаға, мұражайға айналдырып отырған жандардың өзгеше өнеріне тілшіміз Ернұр Уәлихан да куә болды.

Он саусағынан өнер тамған шаңырақтың шежіресі о баста екі жастың сурет салуға, бұйым жасауға деген құштарлығынан басталған. Болатбек пен Күләш Әбілхан Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінде оқып жүргенде танысыпты. Көп ұзамай, 1980 жылы отау тіккен. Осылайша, екі жастың махаббаты уақыт өте келе қара шаңыраққа, өнері шығармашылық одаққа айналған.

Болатбек Бейісбеков, Суретшілер және қолөнер шеберлері одағының мүшесі:

Осы уақытқа дейін қазақтың айтып кеткен дарақ бір жерден көгереді демекші, біз осы қазақтың қолөнерімен айналыстық. Сол себепті де болар қазақтың қолөнерін адам істеген кезде біледі екен. Жаңғыртып апаларымыз, аталарымыздан қайтадан алған кезде біздің қанша уақыт бақытты болып жүретініміз осы.

Өнерге деген ықылас кейін балаларына да дарыды. Алты перзентінің алғашқы екеуі ата-әжесінің тәрбиесінде өссе, үйде қалған төртеуі ата-анасының жолын жалғады. Бірі қылқаламмен жұмыс істесе, енді бірі киіз бен былғарыны өңдеп, ұлттық бұйымдар жасайды. Бала жастан көріп өскен үйдегі  шеберхана, әр туынды олар үшін қашан да ыстық. 

Күләш Айдарбекова, қолөнерші:

Ешқандай ешқайсына мынаны таңда, мынаны жаса деп айтпағанбыз. Өздерінің қалауымен мамандықтарын игеріп кетті. Ұрпақтан ұрпаққа келе жатқандықтан, біздің балаларымызға берілді. Енді қазір немерелеріміз артымыздан еріп келе жатыр. Олар да осы өнерге құмар.

Әулеттің немерелері де үлкендердің жолын қуғaн өрендер. Үшеуі қазір өнер және көркем сурет бағытындa білім алып жүр. Мектеп жасындағы кішілері де өз туындылaрын жaсап, көпті тәнті етіп келеді.

Нұрай Бейісбекова, студент:

Осы техникаларды үйренуімнің себебі - ол ұрпағымызға көне өнерді сақтап және күшті етіп жеткізу. Үйлерді замануи және қазақи түрде сәндеуге осы техникалар өте керемет болады және болашақта өте пайдасы тиеді.

Бейісбековтердің үйі бүгінде ұлттық өнердің талай үлгісі тоғысқан арт-галереяға айналған. Мұнда әулет мүшелері жасаған сурет пен қолөнер бұйымдарының сан алуан түрі сақтаулы. Қазақтың дәстүрі мен төл өнеріне қызыққан шетелдік қонақтар да арнайы келіп, ұлттық мәдениетпен танысады.


Бөлісу