Алматыда «Turkvizyon-2014» жартылай финалына іріктеу басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Turkvizyon-2014» жартылай финалына іріктеу басталады

14.10.2014
Алматыда «Turkvizyon-2014» жартылай финалына іріктеу басталады

15 қазан күні Алматыда II Халықаралық «Turkvizyon-2014» ән конкурсының жартылай финалына іріктеу басталады. Жартылай финал басталмас бұрын конкурсты ұйымдастырушылар және қазылар алқасының қатысуымен баспасөз конференциясы өтеді.

Оған «Turkvizyon-2014» ән байқауының ұйымдастырушылары қатарынан байқаудың бас продюсері Лина Арифулина, продюсер, «ADAM Media Group» компаниясының Бас директоры Динара Адам, «Хабар» Агенттігі» АҚ Бас продюсері Ринат Думанұлы қатысады.

Ал, қазылар алқасы тарапынан танымал сазгер, ән өңдеуші, әнші, музыкалық продюсер Ринат Гайсин, айтыскер ақын, тележүргізуші Айнұр Тұрсынбаева, танымал әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» сыйлығының иегері Алтынай Жорабаева Vj, NS радиосының бағдарламалар директоры Тимур Сержанов, музыкалық сыншы, журналист Роман Райфельд қатыспақ.

 «Turkvizyon-2014» ән байқауының Ұлттық іріктеу кезеңі Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіледі.

Айта кету керек, биылғы байқау 19-21 қараша күндері аралығында түркі әлемінің мәдени астанасы атанған РФ Татарстан Республикасының Қазан қаласында өтеді.

«Turkvizyon» байқауының мақсаты мен міндеті – Түркі жұртының мәдени, материалды мұраларын сақтау, дамыту және болашақ ұрпаққа жеткізу үшін түркітілдес халықтар арасында тығыз қарым-қатынас жасау.  

Биыл Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы, Түркіменстан, Түркия, Өзбекстан, Алтай Республикасы, Башқұрстан, Беларусь, Босния және Герцеговина, Грузия, Қытай,  Македония, Молдова, Солтүстік Кипр, Татарстан байрағын ұстаған қатысушылар түркі әлемінің үздік дауысы атағы үшін бәйгеге түседі.

     

Хабарламаларға жазылу