«Поэзия әлемінде» - Асылзат Арыстанбек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Поэзия әлемінде» - Асылзат Арыстанбек

04.10.2014
«Поэзия әлемінде» - Асылзат Арыстанбек

Асылзат Арыстанбек - өлең өлкесінде өзіндік қолтаңбасы бар өжет ақын. Оқырман ықыласына бөленген жырлары өзегін өртеген шындықты, өмірдің шынайы келбетін жыр етеді. Бүгін 13.00-де «Поэзия әлемі» хабарынан ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы біле аласыздар.

Біздің анықтама:

Асылзат Арыстанбек - 1978 жылы 26 ақпанда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Аққұм ауылында дүниеге келген. Мектепте оқып жүргеннен бастап өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып келеді.

Алғаш рет Қызылорда қаласындағы Дарынды балалар мектеп-интернатында оқып жүргенде 16 жасында «Талаптың мініп тұлпарын» деген атпен шығармашылық кешін өткізген. 1996-2000 жылдар аралығында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің филология факультетінде білім алған.

Көкшетаудан шығатын «Бұқпа!» газетінде тілші, 2005-2006 жылдар аралығында республикалық «Алаш үні» газетінде жауапты хатшы, 2006-2007 жылдар аралығында «Бұқпа!» газетінде бас редактордың орынбасары, 2007 жылдың қараша айынан бастап Астана қаласынан шығатын республиалық «Мырза» ер-азаматтар басылымында бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған.

2006 жылы Көкшетау қаласында «Шын жүректен…» деп аталатын шығармашылық кешін өткізген. Өлеңдері Зерде қоғамдық қоры шығарған ақын қыздардың жыр жинағы «Жыр десте» кітабына енген. Облыстық деңгейде өткен мүшәйралардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Жуырда «Бесінші маусым» атты жеке жыр жинағы жарық көрді.

 

Сүюді бақыт дейтіндер...

Сүйіп те тұрып, сүйікті болып,

Сетінеп жаным, шерленем,

Сүюді – бақыт дейтіннің бәрі,

Әлі де сүйіп көрмеген.

 

Адасып барып, таласып-талып,

Сүрініп, сосын, ес кірді.

Адамның нағыз бақытты шағы –

Сүймеген кезі ешкімді.

 

Жылынып барып, жұлынып-жарып,

Жүрек көзінен жас тамад.

Махаббат оты тұтанған күннен,

Бақытсыздықтар басталад.

 

Көрінбес көзге елесті қуып,

Көңілді, сосын, бір демдер.

Адамның бәрі сүйіскен сәттен,

Бақытын іздеп жүргендер.

 

Санасы әбден ескірген деме,

Санама жасық, пасыққа.

Бақытты болғың келсе егер, досым,

Сүюге онда асықпа!

 

Адастым дей бер, адамның бәрі,

Бақытқа сендей асыққан.

Бақыттымын деп айтпайды бірақ,

Себебі, олар – ғашықтар!

 

Өзім де – тұтқын, шыға алмай келем,

Жүректей жұқа бөлмеден.

Сүюді – бақыт дейтіннің бәрі,

Ешқашан сүйіп көрмеген.

 

 

Бақыт деген өкінішсіз күнәлар

 

Құсқа теңе қонбайтұғын басыңа,

Тұзға теңе қарамайтын жасыңа.

Бақыт деген, бәлкім, басқа кейіпте,

Келіп-кетіп жүрген шығар қасыңа.

 

Буға теңе уысыңда тұрмайтын,

Қуға теңе кірісіңді ұрлайтын.

Бақыт деген, бәлкім, терең тұңғиық,

Түбі сені бақытсыз ғып тынбайтын.

 

Мақсаттарға, мүдделерге сараңдар -

Нүктелерге, күтпегенге алаңдар.

Бақыт жайлы ойға шомған сәттен-ақ,

Бақытсыз боп шыға келер адамдар.

 

Тағдырың бар өтінішсіз құп алар,

Арғы күн бар бекініссіз құралар.

Ал мен үшін бақыт деген түк те емес,

Ол — әшейін өкінішсіз күнәлар!

Хабарламаларға жазылу