Шымкентте жыл басынан бері жол апатынан 6 адам қаза тапты
Жолдағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған шаралар артқанымен, Шымкентте жол апаттары әлі де азаймай тұр. Былтыр 1800-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 66 адам қаза тапты. Тағы 2100-ден астам адам түрлі жарақат алған. Бұл деректер жолдағы жауапкершіліктің әлі де толық сақталмай отырғанын көрсетеді. Тақырыпты аймақтағы әріптесім тарқатады.
Айгүл Мархабаева күні кеше кешкісін болған жол апатынан кейін ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер оның жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр. Жабық бас-ми жарақатын алған науқас қазір ем қабылдауда. Жиырма жылдан астам тәжірибесі бар жүргізуші бұл жолы өзгенің салғырттығынан зардап шеккен. Оның айтуынша, жол ережесін елемеу мұндай қайғылы жағдайларға жиі себеп болады.
Айгүл Мархабаева, қала тұрғыны:
Қан қысымым бірден көтерілді. Сол жерде адамдар келіп көмек беріп, есікті ашып су шашып, ал ана әйел келіп жағдайымды да сұрамады. Жол ережесін сақтамағаннан болып отыр. Өте мұқият болу керек. Өйткені қазір соқырға таяқ ұстатқандай заман, барлық белгі бар. Әр жерде өзінің белгісі бар.
Ернұр Уәлихан, тілші:
Жаңа жылдан бастап жол қозғалысына бақылау күшейді. Камералар енді тек жылдамдықты асыруды емес, қауіпсіздік белдігін тақпау мен телефон қолдануды да автоматты түрде тіркейді. Алайда тәртіп бұзушылар азаймай тұр. Соның салдарынан, жыл басынан бері жол апатынан 6 адам қаза тапты.
Бақыткелді Абдраманов, қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:
Басты себебі жүргізушілер жылдамдықты асырады. Жол ережесін сақтамайды, қауіпсіздік белдігін тақпайды. Көбісі телефонға назар салып отырады да, үлкен жылдамдықпен келіп осындай жол көлік оқиғалары орын алып жатады.
Миллионды шаһарда көлік саны да жыл санап артып келеді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 55 мыңға көбейген. Қалаға күн сайын шамамен 130 мыңға жуық көлік кіріп-шығады. Соған байланысты жол қозғалысына бақылау да күшейтілді. Биыл 300-ден астам аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылған. Соған қарамастан қарапайым ережелерді елемеу мен жауапсыздық - жол апатының негізгі себептерінің бірі. Сондықтан жолдағы қауіпсіздік - әркімнің жеке жауапкершілігі.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы