Жамбыл облысында жетімдер үйі жабылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында жетімдер үйі жабылмақ

12.09.2014
Жамбыл облысында жетімдер үйі жабылмақ

Жамбыл облысында балалар үйлерінің санының азаюы байқалуда. 2012 жылы өңірде тәрбиеленушілерінің аздығынан «Ұлан» жетімдер үйі жабылып қалған еді.

Облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлзия Зәуірбекованың сөзіне қарағанда, соңғы кездері жетімдер үйіндегі балалар саны күрт азайған. Әсіресе, В.Савва атындағы ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетімдерге арналған Мерке мектеп-интернатында осындай жағдай байқалды, сондықтан, ол жабылмақ.

Аталмыш балалар үйі Мерке ауданында орналасқан. Мұнда тұрғынжай корпусы, заманауи жабдықталған кабинеттері бар мектеп, клуб, асхана, ойын алаңдары бар.

«Өткен жылы мұнда 146 бала тәрбиеленген. 12 отбасылық топ болды. Осы оқу жылында кей баланы асырап алды, патронатты отбасыларға алды, кейбіреуі туған жанұяларына оралды. Тағы біреуі 9 сыныптан кейін колледжге түсті. Қазір мұнда 71 тәрбиеленуші қалды, олардың саны екі есеге жуық азайған», - деді Г.Зәуірбекова.

Хабарламаларға жазылу