Қытайда халықаралық «Жібек жолы» кинофестивалі өтті
Қытайда «Жібек жолы» кинофестивалі өтті. Оған 140-қа жуық мемлекет пен аймақ өкілдері қатысты. Ішінде Қазақстан да бар. Отандық киноөнімдер Шэньси провинциясында көпшіліктің назарына ұсынылды. Әйгілі фестиваль туралы осы елдегі тілшіміз Әйгерім Ермұханқызы хабарлайды.
Фестиваль Сиань қаласында өтті. Биыл 13-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл кино арқылы мәдениет алмасудың негізгі алаңы саналады. Іс-шараға 139 ел мен аймақтан 2100-ден астам фильм қатысты. Алып кинонарықта қазақстандық телеөнімдер де көрініс тапты.
Динара Жапарова, «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы» АҚ қаржы директоры:
Біз қазақстандық фильмдерді Қытай көрермендеріне таныстырумен қатар, бірлескен киножобаларды да дамытуға мүдделіміз. Біздің мақсатымыз Қазақстанды тек кино арқылы таныстыру емес, екі елдің ортақ тарихы мен мәдени байланыстарын көрсету.
Қытайдың кинонарығы – Қазақстан үшін маңызды бағыттардың бірі. Жергілікті көрермендер тарихи-мәдени, Ұлы дала өркениеті сияқты фильмдерге ерекше қызығушылық танытты. Сарапшылар таныстырылған жаңа фильмдер мен телесериалдарға жоғары баға берді.
Ван Хуанцзюнь, продюсер:
Қазақстанның киносы Қытай көрермендерінің назарын аудара бастады. Әсіресе бірегей табиғаты, көшпелі өркениет пен заманауи қоғамның үйлесімі туралы туындылардың өзіндік ерекшеліктері бар. Кейінгі кездері екі елдің кино саласындағы ынтымақтастығы тереңдей түсті. Бірлескен фильм өндіру, контент тарату, мамандар алмасу бағыттары біртіндеп дамып келеді.
Хуан Сюйхан, «Жібек жолы» халықаралық кино алмасу және сауда орталығының басшысы:
Қазақстан мен Қытай – Жібек жолы бойында орналасқан елдер. Екі халықтың мәдениеті өзара үндес, талғамдары жақын. Біз осы алаңның киноалмасу мүмкіндіктеріне сүйене отырып, киноиндустрия саласындағы серіктестік байланысты одан әрі нығайтуға күш саламыз.
5 күнге созылған фестиваль барысында кино әлеміндегі тың технологиялар мен тәсілдер, жасанды интеллект мүмкіндіктері таныстырылды. Тараптар өзара тәжірибе алмасып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, авторлық құқықтардың өзара айналымы бағытында келіссөздер жүргізді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы