Басты Жаңалықтар Елордада бірыңғай дизайн-код бекітілді

Елордада бірыңғай дизайн-код бекітілді

Өңірлерде урбанистика орталықтары ашылады. Енді көрікті орындар мен зәулім ғимараттар алып шаһарларда ғана емес, елдің барлық аймағында салынуы тиіс. Мемлекет басшысы жауаптыларға арнайы жоспар түзуді тапсырды. Урбанистер жобаны жасақтауға кірісті ме? Қалаларда не өзгереді? Жанел Нұрболатқызы тарқатады.

Жанел Нұрболатқызы, тілші:

Бағаналы орда – басты орда, құтты әрі берекелі мекен. 28 жылда шағын қала сәулетті де көрікті шаһарға айналды. Құрылыс қашан да қарқынды. Тек биыл 173 саябақ пен қоғамдық орын салынды. Бір ғана мысал, Артем базарының маңы. Бұрын осындай қалыпта еді. Қазір міне, көне құрылыстың бәрі сүрілді. Орнында жасыл желек, саялы мекен.

Рас. Кейінгі жылдары бас қаланың оң жағалауы да ажарлана түскен. Жуырда ресми дизайн код бекітілді. Енді үйлердің қасбеттері ашық реңкте, барлық саябақтардағы орындықтар бірдей, тіпті субұрқақтар ұқсас пішінде - үйлесімді әрі сәнді болуы тиіс. Бұл міндет елдің үздік дизайнерлері мен урбанист мамандарға жүктелген.

Ерсайын Нұрқожа, қалалық урбанистика орталығының аға урбанисті:

Бір-біріне мүлде үйлеспейтін түстер, біреуінің жазуы кішкентай, үлкен деген жазуларды көрмейсіз енді. Бәрі үйлесімді, көзге жағымды болады. Қаланы жайлы қылатын нәрсе – ол біріншіден көгалдандыру. Астанада бұл жағынан көрсеткіш жақсы. Жыл сайын миллионға жуық өсімдік егіледі.

Ерсайын Нұрқожаның айтуынша, қазір қала әкімдігі кез келген жерде саябақ салмай тұрып урбанистикалық орталықтың кеңесіне жүгінетін болған. Нағыз тіс қаққан мамандардың іске кіріскенін, елорданың көркейе түскенін Мемлекет басшысы сенбіде өткен экологиялық акция барысында атап өткені есте.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Астанамыздың көркі артып келе жатыр. Осы тұста Астана қаласының Урбанистика орталығы ерекше рөл атқарып отыр. Ең бастысы, осы мекеме жұмыс барысында азаматтардың негізгі ой-пікірін, талап-тілектерін, олардың өтініштері мен жағдайларын да ескереді. Сондықтан аталған орталықтың тәжірибесін басқа аймақтарға да кеңінен тарату, дәріптеу керек.

Урбанистика орталығы Президенттің тапсырмасынан соң өңірлерге арналған жобаларды жасақтап жатыр. Ол толық дайын болғаннан кейін жариялайды. Әзірге белгілісі – аймақтарда жасыл-желек екі есе көбейіп, сәулетті ғимараттар артады. Бұл ретте Астананың дизайн-коды негізге алынады, дейді урбанистер.


Бөлісу