Азия ойындары: Қоржындағы медаль саны 19-ға жетті
Азия ойындарының төртінші күнінде Ұлттық құрама спортшылары 7 медаль жеңіп алды. Оның біреуі алтын, үшеуі күміс, үшеуі қола. Сары құрлық додасында отандастарымыз жүлделі болып қана қоймай, тарихи нәтижелерді тіркеп жатыр. Толығырақ Жапонияда жүрген әріптесім Асылбек Даниярдың материалында.
Асылбек Данияр, тілші:
Алексей Луценко 28 жылдан кейін Азия ойындарының рекордын жаңартып, 6 дүркін чемпион атанды. Велошабандоз топтық жарыста мәре сызығын 4 сағат 13 минутта кесіп өтті. Айта кетейік, Алексей 3 күн бұрын жекелей сында да топ жарған еді. Тағы бір отандасымыз Евгений Федеров күміс жүлде еншілсе, Николя Винокуров 7 орынға тұрақтады. Бұл додаға сары құрлықтың 15 елінен келген 40 велошабандоз қатысты.
Алексей Луценко, велоспорттан Азия ойындарының чемпионы:
Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Евгений мен Николя екеуі жоғары деңгейде өнер көрсетті. Алдын ала құрған жоспарымызды толықтай орындап шықтық. Жарыстың алғашқы бөлігін өз бақылауымызда ұстадық. Мәреге 40 шақырым қалғанда төрт спортшы қалдық. Барымды салып бірінші келдім. Мәреге екінші болып Евгений Федеров келгенде риза болдым.
Сонымен бірге Аичи префектурасында құралайды көзге атқан мергендер сайысы өтті. Пневматикалық тапаншамен 10 метрге нысана көздеуде үш спортшы қатысты. Оның ішінде тек Валерия Попелова финалға шығып, 7 орын алды. Бұдан бөлек, стенд атудың скит бағдарламасы бойынша жекелей сында өткен Әсем Орынбай қола жүлдеге ие болды. Ал Зоя Пискун 6-сатыға жайғасты. Командалық сайыста Ұлттық құрама қыздары күміс еншіледі. Сондай-ақ ерлер құрамасынан жекелей бәсекеде Александр Мұхамедиев 7 орыннан көрінді.
Әсем Орынбай, стенд атудан Азия ойындарының қола жүлдегері:
Кішкене финал қиындау болды. Ауа райы да дұрыс емес, өздеріңіз көргендей. Дұрыс көрінбейді нысана, бізге қиын болды. Енді Қытай спортшысы, осылардың арасында ұтқан қыз, ол ең мықты спортшы. Біз кезек-кезек финалда ұтамыз. Осы әлем кубогында Алматыда болған, ол кезде мен ұтқан болатынмын. Енді осы жолы Қытай қызы ұтты. Бәсеке өте жоғары болды.
Бұдан бөлек, спорттық жүрістен Кристина Морозова күміс медаль еншіледі. Жерлесіміз мәреге Қытай қызынан 1 милли секундтқа ерте келді.
Семсерлесуден Артём Саркисян да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Ол дәл осы спорт түрінен Азия ойындары тарихындағы алғашы қола медальді жеңіп алды. Ушудан да үшінші орын бұйырды. 70 келідегі Әлижан Аблағатов жартылай финалда сүрініп, қолаға қол созды.
Сары құрлық бәсекесінің төртінші күнінің нәтижесі бойынша Қазақстан құрамасы 7 алтын, 4 күміс, 8 қоламен – жалпыкомандалық кестенің 4 сатысына жайғасты.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы