Биыл талапкерлерге 34 мыңнан астам білім гранты бөлінеді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев мәлімдеді.
«Жоғары білім беру мамандықтары бойынша мемлекеттік білім беру гранттарының өтініштерін қабылдау елдің барлық ЖОО-да 23-31 шілде аралығында жүргізіледі. Грант иелері тамыз айының басында анықталады», - деді ол.
Осылайша мемлекеттік тапсырыспен 34 165 грант бөлінген. Соның ішінде күндізгі оқу түрі бойынша 31 135 грант, қысқаша оқыту гранты - 500, дайындық бөліміне 2530 грант берілмек.
12 мыңнан астам грант техникалық мамандықтарға, 5,5 мыңнан астам педагогикалық мамандықтарға, ал 2,5 мыңы ауыл шаруашылығы мен ветеринария мамандықтарына бөлінген.
«Жеңілдік түріндегі мемлекеттік тапсырыстың саны педагогикалық оқу орындарына - 3510. Олардың арасында жекелеген өңірлік оқу орындары да бар. Қазіргі таңда министрлік тарапынан байқау негізінде мемлекеттік оқыту гранты берілетін ЖОО тізімі мен саны анықталуда», - деді вице-министр.
strategy2050.kz