Бразилияда өтіп жатқан футболдан Әлем чемпионатында кеше жартылай финалға өткен екі құрама белгілі болды. Олар жарыс иесі Бразилия мен Германия құрамасы.
Бүгінгі алғашқы ойын Аргентина және Бельгия құрамаларының арасында өтеді. Бұл екі құрама осы уақытқа дейін 4 рет кездескен. Аргентина 3 ойында жеңіске жетсе, Бельгия құрамасының 1 рет мерейі үстем болған. 4 ойында жалпы саны 14 гол соғылған, соның 4-ін Белгия соққан. Ал, Аргентина 10 рет қарсыластарының қақпасын дәл көздеген.
Екі сары қағазы бар аргентиналық Маркос Рохо бұл ойынға қатыспайды, ал Бельгия толық құраммен өнер көрсетеді.
Ойын Астана уақыты бойынша сағат 22:00-де Бразилиядағы Ұлттық стадионда өтеді. Кездесуді италиялық төрешілер басқарады.
Ал, екінші ширек финалдық ойын Нидерланд құрамасы мен Коста-Рика футболшыларының арасында өтеді.
Екі құрама осыған дейін бір-бірімен кездесіп көрмеген. Демек, бұл аталмыш құрамалар арасындағы алғашқы кездесу болмақ. Бүгін Коста-Рика құрамасының ойыншысы Оскар Даурте қызыл қағазына байланысты ойынды өткізіп жібереді.
Естеріңізге сала кетейік, екі құрама арасындағы кездесу Астана уақыты бойынша түнгі сағат 02:00-де басталады. Матч «Форте-Нова» стадионында өтеді. Ойынды Рафшан Ирматов бастаған өзбекстандық төрешілер басқарады.
Бұл ойынды «Қазақстан» Ұлттық арнасы мен «KAZsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.