БҰҰ-ның Балалар қоры Қазақстанда балалардың құқығын қорғау жобасын қолға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҰҰ-ның Балалар қоры Қазақстанда балалардың құқығын қорғау жобасын қолға алды

09.06.2014
БҰҰ-ның Балалар қоры Қазақстанда балалардың құқығын қорғау жобасын қолға алды
Еуропалық Одақ (ЕО) және Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) «Баланың құқықтарын қорғау жүйесі мен балаларға қатысты сот әділдігін жетілдіру» бағдарламасы бойынша бірлескен келісімге қол қойды.
 
Бағдарламаның жалпы мақсаты - ұлттық заңнаманы және балаларды қорғау жүйесін халықаралық стандарттармен және озық тәжірибемен әрі қарай үйлестіру барысында Қазақстан Үкіметіне қолдау көрсету.
 
2014 жылдың маусым айынан бастап  жүзеге асырылатын бағдарламаға Еуропалық Одақ 2 миллион еуро, ал ЮНИСЕФ 400 000 еуро қаражат бөледі.
 
Балаларға қарсы жасалатын қылмыстардың басым көпшілігі тіркелмеген күйінде қалатындығы белгілі.  Дегенмен, елімізде биылғы жылдың алты айында балаларға зорлық-зомбылық жасау жайттары бойынша 47 іс сотқа жеткізіліп, балаларды қайыршылыққа мәжбүрлеудің 14 оқиғасы бойынша сот ісі қаралған.
 
Ал, «Баланың құқықтарын қорғау жүйесі мен балаларға қатысты сот әділдігін жетілдіру» бағдарламасы бойынша ЕО мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен жобасы бұл көрсеткіштері өзгертуі әбден мүмкін.
 
Салааралық тренингтер, семинарлар және тәжірибе алмасу бойынша ғылыми сапарлар, инновациялық тәсілдемелерді көрсету мақсатындағы нақты іс-шаралар Шығыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында жүзеге асырылады.
 
Бұл қызмет - Бала құқықтары туралы конвенцияны (БҚК) Қазақстанда іске асыруды әрі қарай дамыту  мақсатында жетілдірілген.
 
Биылғы жылы Бала құқықтары туралы конвенцияның (БҚК) 25 жылдығы аталып өтеді, ал Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияны (БҚК) бекітудің 20 жылдығын атап өтпек.

 

 

Хабарламаларға жазылу