Жаңа Конституция жастардың әлеуетін ашуға мүмкіндік береді
Бүгін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі нормаларын талқылады. Жиында әлеуметтік-саяси трендтер мен қазіргі сын-қатерлер сөз болды. Сенатордың сөзінше, қазіргі жаһандық тұрақсыздық пен технологиялық өзгерістер Қазақстаннан жедел бейімделуді және тиімді басқару жүйесін қалыптастыруды талап етіп отыр. Осы мақсатта Мемлекет басшысының бастамасымен елдің конституциялық-құқықтық және институционалдық негіздерін жаңғырту жұмысы қолға алынған. Сонымен қатар адам капиталы мен білім, ғылым және инновацияға негізделген даму жолын нығайту Конституцияның негізгі басымдықтарының бірі болып саналады. Сондықтан жаңа Ата заң жастардың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермек.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміз қолданыстағы Ата заңды жаңартуды қолға алды. Онда Тәуелсіздік пен Егемендікті қорғау негізгі басымдық ретінде бекітілген. Қоғамдық келісімге, өзара диалог пен сыйластыққа баса мән берілген. Ұлттық бірегейлігімізді нығайту, мемлекеттік тілімізді дәріптеу, патриотизмді қолдау қағидалары айқындалған. Бір сөзбен айтқанда Жаңа Ата заң жобасын Қазақстан болашағының манифесі деуге толық негіз бар.
Кездесуде студенттер мен жас мамандар цифрлық құқықтарды қорғау, ғылым мен технологияны дамыту, өзге де өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Жиынға жетекші ғалымдар, академиялық қауымдастық өкілдері және сарапшылар қатысты.
Серікзат Дүйсенғазы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің деканы:
Ол жерде маған жалпы ұнағаны бірінші, басты орынға адам капиталының шығуы. Яғни адам капиталы ол кез-келген байлықтың бәрінен жоғары тұрады. Және сол адамның құқығына, адамның өміріне мемлекет кепілдік береді. Білімге, ғылымға инновацияға мән берілетіні ол үлкен жаңалық деп айтуға болады. Келешекте осы салаға үлкен қаржылар бөлінеді. Келешекте біздің мемлекетіміз ғылымы дамыған инновациялық үлкен мемлекетке айналады деген үміттеміз осы Конституцияда.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы