Балалар спортына бөлінетін қаржы көлемі көбейеді
Қостанай облысында спорт мектебіне 18 мың бала барса, соның тек 1300-ге жуығы қысқы спорт түрімен айналысады. Себебі қымбат. Ал биылдан бастап жаңа стандарт бойынша әр баланы қаржыландыру жүйесі енгізіледі. Бұл өзгеріс балалар спортының әрі қарай дамуына ықпал ете ме? Жалпы спорт нысандары қаншалықты қолжетімді?
Мәдина Нағашыбай, тілші:
Мәнерлеп сырғанау – темірдей тәртіп пен төзімді талап ететін спорт. Күрделі элементтерді мінсіз меңгергенше мына көк мұздың үстіне көп құлайсың, тер төгесің. Сондықтан спортшы шымыр болуы тиіс. Себебі төрттік, үштік айналым кезінде адамның аяғына өз салмағынан 4-5 есе артық күш түседі.
Жаттығу басталғалы сан мәрте сүрінсе де, бір қайтпаған қайсар қыз – 14 жастағы Дарья Иксанова. Республикалық және халықаралық жарыстардың жүлдегері. Қостанай облысынан Қазақстан құрамасына кірген алғашқы мәнерлеп сырғанаушы. 6 жасынан үздіксіз шынығып келеді. Алдағы мақсаты айқын – Олимпиада шыңы! Сондықтан бір де бір жаттығудан қалыс қалмайды.
Дарья Иксанова, мәнерлеп сырғанаушы:
Маған секірген ұнайды. Меніңше, бұл эстетика мен орасан күштің әдемі үйлесімі. Әрине, көп сүрінесің, бірақ бұның бәрі тек жеңіске жетелейді. Қазір қос айналма аксель, үштік сальхов мен тулуп секіре аламын.
Анна Ковалева, жаттықтырушы:
Мұз айдынына бала неғұрлым ерте келсе, соғұрлым жақсы. 3-4 жас ең қолайлы кезең. Суыққа, үлкен алаңға үйренеді. Жоғары нәтижеге жету үшін күнде 7-8 сағат дайындалу керек. Мұндай жүктемені тіпті кейбір ересек адамдар еңсере алмай жатады.
Бүгінде №3 балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде 4 пен 17 жас аралығындағы 50-ге жуық бала жаттығады. Алғашқы екі жыл мұз үстіне нық тұрып, еркін сырғанауды үйренеді. Әлі мектеп жасына жетпеген бүлдіршіндер тәртіп пен талапты осы жерде ұғынады.
Алайда ата-аналардың айтуынша, балалар айналысатын қысқы спорттың дені қалтаға әжептәуір салмақ салады. Үйірменің ай сайынғы ақысы мен керек-жарағына үнемі қаражат қажет.
Іңкәр Әбенова, ата-ана:
Берер алдында 250-300 мыңдай кетеді. Ең бірінші конькиін 36 мыңға алсақ, екінші конькиі 150 мыңға шықты. Жарыстар бар, қатысыуы, жолы бар. Оған да ақша төлеу керек. Алдағы жарысқа, мысалы, көйлек тіктірдік, 160 мың теңге кетті.
Сондықтан биыл қаржыландырудың жаңа жүйесі қаралып жатыр. Енді қаражат спорт мектептеріне әр бала үшін беріледі. Яғни көлемі едәуір артады. Мысалы, 2025 жылы өңірге бюджеттен 16 млрд теңге бөлінсе, оның тек 45 пайызы балаларға бағытталған. Ал өңірдегі 30 спорт мектебі 18 мыңға жуық баланы қамтып отыр.
Дулат Советханұлы, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
Бұрын орта есеппен 230 мың теңге көлемінде болса жалпы қаржы, жаңа жүйеде әр балаға 415 мың теңге кемінде әр балаға бөлінеді. Бұл екі есе өседі. Оның ішіне спортшының керек-жарағы, киімі, жарыс шығыны, қызметкерлердің жалақысы кіреді.
Жалпы өңірде қысқы спорттың дамуы қарқын алып келеді. Былтыр аудан орталықтарына 6 хоккей корты салынды. Ал Дарья жаттығып жүрген мұз сарайы үш жыл бұрын ғана ашылды. Көк айдында табандылықпен талмай жаттығып жүрген жас өрен әлемдік додада елдің көкбайрағын желбіретуді армандайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы