5 шілдеде әлемдік опера жұлдызы Анна Нетребко тұңғыш рет «Астана Опера» театрында концерт береді. Бұл туралы театрдың баспасөз қызметі хабарлайды.
Астана күніне орай ұйымдастырылатын кеште Дж.Верди, Дж.Пуччини, У.Джордано, А.Бойто, А.Каталани және басқаларының операларынан ариялар шырқалады.
Аталған бағдарламаны Анна Нетребко швейцариялық Люцерндегі Мәдениет және конгрестер орталығында, Елисей алаңындағы париждік театрда және барселондық Каталон музыкасының сарайында да паш етпекші.
Концерт Ресейдің Еңбек сіңірген әртісі, Мариинский театрының солисті Ахмет Ағадидің, сонымен қатар, «Астана Опера» симфониялық оркестрі мен хорының қатысуымен өтеді. Дирижерлық тізгінде - ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.
Біздің анықтама:
Анна Нетребко - Ресейдің Халық әртісі, Ресей Федерациясы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Кубань Еңбек Ері. Опера әншісі Краснодарда дүниеге келген, Санкт-Петербургтік консерваторияны вокал класы бойынша тәмамдаған. Валерий Гергиев, Джеймс Ливайн, Сейджи Озава, Николаус Арнонкур, Зубин Мета, Колин Дэвис, Клаудио Аббадо сынды танымал дирижерлермен өнер көрсеткен.