Қазақтың қаһарман қызы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлова Ақтөбе облысының Қобда ауданында дүниеге келген. Бала кезінде жетім қалып, туыстарының қолында тәрбиеленеді.
Кішкентай Әлия Ленинградқа барып, соғысқа дейін сонда тұрды. Бірге оқыған сыныптастарының естелігіне қарағанда, өзіне өте сенімді һәм төңірегіндегілерге талапшыл жас болған. Оны мақсаткерлік пен адалдық және адамгершілік, сергектік қасиеттері басқалардан айрықша ерекшелендіретін еді.
1942 жылы Әлия өз еркімен майданға аттанып, мергендер мектебін үздік бітіреді. Бірақ біраз уақытқа дейін командование алғы шептегі атыс-шабыс алаңында білім-білігін іс жүзінде көрсетуге рұқсат етпейді. Алайда, қазақ қызы алға ұмтылды, жауға қарсы оқ жаудыруға асықты. Бір хатында ол өз құрбылары мен достары үшін фашистерден кек алуды қалайтынын жазды. Өзі оқыған қаласының құрсауда қалғаны оны қатты алаңдататын-ды.
Ашық шайқасқа Әлия 1943 жылы маусымда 2-Прибалтика майданының 26-атқыштар дивизиясы құрамында түсті. Ефрейтор шенінде өз дивизиясымен барлық ірі-ірі айқастарға қатысып, құралайды көзінен атқан нағыз мергендігімен дараланды. Көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін оған Кеңес Одағының батыры атағы берілді.
Ол алғашқы жауынгерлік тапсырмаларын Ленинград майданында 1943 жылдың шілде айында орындады. Алғы шепке сұранған ол қасында 3 майдандас қыздарымен бейтарап зонадан өтіп, екі еңгезердей немісті тұтқындаған.
Екі ай мерзім ішінде 32 фашистің көзін жойған. 1943 жылы Холм қаласы түбінде барлауға қатысып, нәтижесінде бес «тіл» ұстайды. Холм түбіндегі асқан ерлігі үшін әскери комиссариат Молдағұлованы «Даңқ» орденіне ұсынады.
Осы жылдың желтоқсан айында Новосокольник ауданында соғысқа дайын болу бұйрығын алған бригада құрамында 1944 жылдың 10 қаңтарына дейін батальон алғы шепті барлап ұрысқа дайындалады. 12 қаңтарда Шенайлово, Волгино, Насва станцияларын, Казачиха селоларын алуға бұйрық алады.
Казачиха селосына келген кезде бригада жауынгерлерінің жартысынан жуығына дейін айырылған еді, бірақ бұйрықты орындау керек. Әлия барлаушылар қатарында біздің жаяу әскерге қауіп төндіріп тұрған жау пулеметін граната лақтырып талқандаған. Өзін нысанаға алған жауды тұтқынға түсіріп, қаңтардың 13-нен 14-не қараған күні Әлия ротаны шабуылға көтерді.
Оның үні жауынгерлерге дем беріп, соңынан ілескен солдаттар жаудың бетін қайтарады. Осы шайқаста өжет қыз ауыр жараланып, қаһармандықпен қаза табады.
Бүгінде Ә. Молдағұлова есімі республикамызда көшелерге, мектептерге, кеңшарларға, аллеялар мен бульварларға берілген. Әлияның есімімен әскери-теңіз флотының кемелері, Каспий жүк таситын теплоходы аталған. Ақтөбе, Астана, Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербор, Новосокольники қалаларында ескерткіштер орнатылған. Ақтөбеде облыстық мемориалдық музей жұмыс жасайды.
Оның өшпес ерлігін өзек етіп жазылған өлең кітаптар мен роман-хикаяттар де көп. АлматыдаШығыстың қос шынары атанған Әлия мен Мәншүкке көрнекті жерге ескерткіш орнатылды.