2003 жылы «Ең үздік анимациялық фильм» номинациясы бойынша «Оскарды» жеңіп алған «Pixar Animation» («Walt Disney Pictures») киностудиясының балықтар туралы «Немо» мультфильмі қазақшаланды. Әлемдік мультипликация саласындағы «Шрекке» дейінгі ең табысты туынды кеше Ұлттық арна эфирінен көрсетілді. Аталған мультфильмде мұхиттағы әке мен баланың өмірі суреттеледі.
Мультфильмнен үзінді:
Анимациялық фильм желісі бойынша, тропикалық аймақтағы теңізде Марлин және Корал атты сайқымазақ балықтар өмір сүреді. Олар мұхитқа уылдырық шашады. Болашақ ата-ана балаларының оянуын асыға күтеді.
Алайда оларға тосыннан жыртқыш балық шабуыл жасап, барлық уылдырық пен ана балық - Коралды жеп кетеді. Тек бір ғана уылдырық аман қалады. Сайқымазақ Марлин оған – Немо деген есім береді. Оқиға осы жерден өрбиді.
Балықтар туралы мультфильмді қазақшалауға үлес қосқан Астана қаласы Жастар театрының әртісі Айман Есен «Таңшолпан» бағдарламасына берген сұхбатында Немоны «Бәйтерек» тобындағы әнші Нүркен Өтеуіловтің баласы – Бейбарыс дыбыстағанын айтқан болатын.
Немоның қазақша «сөйлеуі»:
Мультфильм 2003 жылы 30 мамырда АҚШ пен Канадада, сол жылдың 27 тамыз айында Австралияда, ал 2003 жылдың 25 желтоқсанында Қазақстанда прокатқа шыққан. Енді 2015 жылы «Немоның» жалғасы шықпақ. Сиквел - мультфильмдегі кейіпкер Марлиннің досы Дори балық туралы болады.