Бүгін – Төлегеннің туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – Төлегеннің туған күні

10.03.2014
Бүгін – Төлегеннің туған күні
ҚР Халық әртісі, Қазақстан Лениндік комсомолы сыйлығы лауреаты Құман Тастанбеков 1945 жылы Талдықорған облысында дүниеге келген.
 
1969 жылы Қазақ Мемлекеттік Құрманғазы атындағы консерваториясының театр факультетін бітіріп, сол жылдан бастап М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының әртісі болып қызмет атқарып келеді.
 
Театр тарланы ұлттық және әлемдік классика мен заманауи драматургияға өз үлесін қосып келе жатыр.
 
Ол  О.Бөкеевтің «Құлыным меніңдегі» Жан, «Вьетнам жұлдызындағы» Ұшқыш, Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен теріндегі» Тәңірберген, Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқтысында» Ақан, С.Мұқановтың «Шоқан Уәлихановында»  Шоқан, Т.Ахтановтың «Антында» Сауран, М.Әуезовтің «Айман-Шолпанындағы» Әлібек, Т.Ахтановтың «Жоғалған досындағы» Естемесовті сомдады.
 
Сондай-ақ, Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Анасында» Қасым,  «Ақ кемесінде» Құлбек,  Е.Домбаевтың «Біздің кластың қыздарында» Төлеген, Б.Мұқайдың «Өмірзаясында» Цезарь,  Ф.Эрвенің «Түлкі бикешінде» Флоридор, Н.Хикметтің «Фархад-Шырынында» Фархад,  Жұлдызшы, Еврипидтің «Медеясында» Ясон және т.б. рөлдерде ойнады.
 
Ал қазіргі таңда театр репертуарында жүріп жатқан спектакльдерде -Шахимарденнің «Томирисінде» Балқаш, С.Торайғыровтың «Қамар сұлуында» Омар, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Жақыпбек, Т.Нұрмағанбетовтің «Ескі үймен қоштасуында» Жалғасбек, Б.Жәкиевтің «Жүрейік жүрек ауыртпайында» Қария, М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясында Андрей, Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Штейниц, Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» Монтекки, Д.Кобрунның «Жынойнағында» Веллер Мартин, А. Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеуінде» Кулыгин сынды түрлі образдарда ойнап жүр.  
 
Құман Тастанбековтің кино өнері саласындағы еңбегі де елеулі.  Ол режиссер Сұлтан Қожықовтың атақты «Қыз Жібек» фильміндегі Төлеген рөлімен жұлдызы бірден жанған актер.
 
Бұдан кейін де талай фильмге – «Біздің Ғани»»  (1971),  «Қыс – суармалы кезең емес» (1972), «Мұнда аққулар ұшып келеді» (1973), «Аққулар жаңғырығы» (1974), «Қосымша сауалдар» (1978), «Ағамның қалыңдығы» (1979), «Провинциалды роман» (1981), «Қараша қаздар қайтқанда» (1981), «Өрнек» (1982), «Алаң жиегінде» (1982), «Кімсің сен, салт атты?» (1987),«Адам-жел» (2003), «Махамбет» (2008), т.б. түскен.
 
Актердің әншілік өнері де бар. Ол бірнеше спектакльде ән орындайды. Құман Тастанбеков 1976 жылы Қазақстан Лениндік комсомолы сыйлығы лауреаты атанды. 1991 жылдан бері КСРО Кинематографистер одағының мүшесі, ал  1993 жылы Қазақстанның Халық әртісі атағын алған.

Хабарламаларға жазылу