Жазғы лагерьлерге 3,7 млн оқушы барады
Биыл елімізде оқушылар үшін 10 мыңнан астам жазғы лагерь жұмыс істейді. Оқу-ағарту министрлігі 3 миллион 700 мың оқушыны қамтуды жоспарлап отыр. Оның 200 мыңдайы сауықтыру орталықтарына барады. Ведомство өкілінің айтуынша, лагерьдің көбі мектеп жанынан ашылады. Алайда ата-аналардың демалыс сапасына көңілі толмайды. Айтуынша, бағдарлама ескірген, үйірме сияқты өтеді. Бұл балалардың қызығушылығын төмендетеді. Сондықтан, олар лагерь форматын жаңартып, балаларды еңбекке баулып, кәсіп түрлерімен таныстыруды ұсынады. Мұндай тәсіл болашақта мамандық таңдауға да септігін тигізеді, дейді. Сондай-ақ, демалыс кезінде оқушылармен мұғалімдер емес, нақты сала мамандары жұмыс істеуі тиіс, дейді. Осыған байланысты «Әкелер одағы» жазғы лагерьді ұйымдастыруға Денсаулық сақтау министрлігі мен Туризм және спорт министрлігін тартуды ұсынып отыр. Ұйым төрағасы балалардың жазғы демалысын жүйелеу үшін арнайы Ұлттық бағдарлама қажет екенін айтады.
Мақсұтбек Айтмағанбет, «Әкелер одағының» РҚБ төрағасы:
Мысалы, сіз зауытта істейсіз. Зауытта істеп демалысқа шығасыз, бірақ демалысқа шыққаннан кейін зауыттың қасында демалмайсыз. Сол сияқты балалар жаңағы мектептен, мектепте жүрген мұғалімдерден, мектептегі араласып жүрген балалардан шаршауы мүмкін. Сондықтан, бала демалуы үшін жерді ауыстыру керек, адамдар да ауысуы керек. Әрине мектептің қасында лагерь жасап балаларға тамақ істеуді үйрететін болса- тамаша. Киіз үй жинауды үйретсе – тамаша. Балаларға басқа да бір дағдыларды мектептен бөлек үйретсе жақсы.
Министрлік өкілі мектеп жанындағы лагерьлердің бағдарламасы ескіргенін жоққа шығармады. Қазір форматты оқушылардың қызығушылығына сай жаңарту қарастырылып жатқанын айтты. Бұл міндет жергілікті білім басқармаларына жүктелген.
Алтай Рахымбердин, ҚР Оқу-ағарту министрлігі тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің басқарма басшысы:
«Әкелер одағынан» да жыл сайын әртүрлі ұсыныс келіп түседі. Осы жылы біз осы ұсыныстарды қолға алатын боламыз. Мектеп жанындағы лагерьлерге бара жатқан балаларды колледжге апарып, профориентациялық жұмыстарға апарып жұмысшы мамандықтарын игеруге, танысуға бағдарламаларды әзірлеп осы бағыттағы жұмыстарды атқарып жатырмыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы