Басты Жаңалықтар Елде дәрі-дәрмек өндірісі артады

Елде дәрі-дәрмек өндірісі артады

Отандық дәрі-дәрмек өндірісі артады. Тиісінше баға да арзандайды. Бүгін Премьер-министр Олжас Бектенов отандық фармацевтика мен медицина өнеркәсібін дамыту мәселелеріне арналған кеңес өткізіп, дәрі-дәрмекті халыққа қолжетімді ету мәселесін талқылады. Бүгінде  Үкіметтің қолдауымен уәкілетті органдармен бірлесіп, бағаны кезең-кезеңімен реттеу бойынша жұмыс жалғасуда.  Ресми мәліметтерге сүйенсек, биыл бірінші тоқсанда 600-ден астам дәрі-дәрмектің бағасы орта есеппен 24,6 пайызға арзандаған. Сонымен қатар, отандық өндірушілерді қолдау аясында жаңа инвестициялық жобалар іске қосылып, жүздеген дәрі түрін шығару жоспарланып отыр. Премьер-министрдің айтуынша, денсаулық сақтау жүйесін дамыту – елдегі өмір сапасын жақсартудың негізгі кепілі. Бұл бағыт Президент айқындаған адамға бағдарланған мемлекет қағидатымен байланысты. Денсаулық сақтау министрі дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі жаңартылып жатқанын, бағаны реттеу мен цифрландыру жұмыстары күшейтілгенін атап өтті. Жиын қорытындысы бойынша Үкімет басшысы тиісті министрлерге дәрі-дәрмек бағасын кезең-кезеңімен реттеу, тіркеу рәсімдерін жеңілдету және отандық өндірісті күшейту бойынша нақты тапсырмалар берді.

Қанат Шарлапаев, «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы:

Елімізде фармацевтика саласындағы отандық өнімдердің үлесін 50 пайызға дейін арттыру міндеті қойылған. Осы мақсатқа жету үшін тиісті министрлік нақты шаралар кешенін әзірледі. Соның ішінде ұзақ мерзімді келісімшарттарды дамыту және жаңа зауыттар салу кезінде инвестициялық келісімдер жасауға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл қадамдар Қазақстанда дәрі-дәрмек өндірісін жолға қоюға ниетті ірі инвесторлар үшін тұрақты әрі сенімді жағдай қалыптастырады. Нәтижесінде, ішкі нарықтағы отандық дәрілік өнімдердің үлесі арта түседі. Бұл тек бағаның қолжетімді болуына ғана емес, сонымен қатар елдің дәрі-дәрмек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де тікелей әсер етеді.
Бөлісу