Мәжіліс жеке сот орындаушыларына қойылатын талаптарды қатаңдататын заң жобасын мақұлдады
Жеке сот орындаушылары жұмыста түсірген видеосын 5 жылға дейін сақтауға міндеттеледі. Енді оларға талап күшейтіліп, аттестациядан өтеді. Сынақтан сүрінген мамандар лицензиясынан айырылады. Мәжілісте қаралған заң жобасында тағы қандай міндеттер бекітілген? Самал Қабышева баяндайды.
Шынымен де тексеріс барысында кейбір жеке сот орындаушылар азарттық ойындарға ақшаны жұмсаған. Ондай фактілер бар.
Фактіні растап тұрған Республикалық жеке сот орындаушылар палатасының төрағасы Нұржан Арынғазинов. Енді мұндай олқылықтарға жол бермес үшін өндірілген қаржы қатаң бақыланады. Әділет органдарының құзіреті кеңейеді. Барлығы цифрланады. Тіпті, алиментті аз төлейтіндердің шын мәнінде қанша табыс тауып жатқанын жасанды интеллект анықтайды.
Бекболат Молдабеков, ҚР Әділет вице-министрі:
Яғни, осы азаматқа басқа шоттардан қанша ақша түсіп жатыр, қай жерге жіберіп жатыр деген сияқты жасанды интеллект қарап, басқа шоттан ақша түсіп, болып жатса, бізге пуш уведомление арқылы бізге де палатаға да, жеке сот орындаушылары да келеді. Сол арқылы жеке сот орындаушылар алименттерді алып кетуге дайын болады.Енді борышкерді мәжбүрлеу арқылы орындату мерзімі өтіп кетсе, барлық тыйымдар автоматты түрде күшін жояды. Жеке сот орындаушыларға міндетті қайта аттестация енгізіледі. Этика мен заңды білмесе – лицензиясынан айырылады. Соңғы 3 жылда жемқорлыққа іліккендер жеке сот орындаушының көмекшісі бола алмайды Сондай-ақ, жеке сот орындаушылар шет елге шығуға бірден шектеу қою құқығынан айырылады.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Мысалы шет елге шыққанда кейбір сот орындаушылар жолды бұғаттап тастайды. Енді, оны бұғаттау үшін соттың шешімі керек болады. Сотпен келісіліп, мұндай бұғататуды жібереді.Автоматты түрде өндірілетін айыппұлдардың шегі өседі. Мысалы, бұған дейін 20 айлық есептік көрсеткіш көлеміне дейінгі барлық берешек түрлері автоматты түрде өндірілді. Енді, бұл шек 40 айлық есептік көросеткішке дейін өседі. Яғни, 173 мың теңгеге дейінгі берешек, ол несие, айыппұл, салық болсын барлығы автоматты түрде өндіріледі. Бұл халық үшін тиімді. Яғни, жеке сот орындаушының қызметі үшін артық шығындалмайды.
Бұл заң жеке сот орындаушылардың жауапкершілігін күшейтіп, жұмысын түбегейлі ашық етуге бағытталған. Яғни, артық қысымға жол жоқ. Заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. Енді екінші оқылымда талқыланып, одан кейін Сенатқа жолданады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы