Алматы қаласының прокуратурасы банктер төңірегіндегі дүрлікпе туындатқан адамдарды әшкереледі. Бұл туралы аталған мекеменің баспасөз орталығынан хабарланды.
Соңғы уақытта әртүрлі интернет-ресурстарда, әлеуметтік желілер арқылы елдің кейбір банктерінің банкротқа ұшырау ықтималдығы туралы ақпараттар тарала бастады. Бұл хабарламалар салымшылар арасында дүрбелең туындатып, банк есепшоттарынан ақшаларын жаппай алуларына себеп болды.
Осыдан кейін банктер Алматы қаласының құқық қорғау органдарына бұған айыпты адамдарды анықтау және жауапқа тарту жөнінде өтініш жасады.
Прокуратура және ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізген тексеру кезінде «Signum» заң фирмасы» ЖШС-ның иесі Әбілқайыр Маратбекұлы Нақыпов, осы компанияның қызметкерлері Виктория Владимировна Трофимович және Әйгерім Нұртайқызы Адасбаева «ЦентрКредитБанкі» АҚ-ның күрделі қаржылық жағдайы туралы жалған электрондық хабар таратуға қатысты екені анықталды.
Олар бұл жалған ақпаратты «ЦентрКредитБанкі» АҚ-ның Несиелерді басқару орталығының Алматы аймағы бойынша атқару өндірісі секторының маманы болып жұмыс жасаған Дархан Артурзинұлы Сәбденовтен алған.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты 21 ақпанда Алматы қаласының прокуратурасы Д.Сәбденовке қатысты ҚР-ның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 136-1 бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғап, сот қаулысымен Д.Сәбденов 20 тәулікке қамауға алынды.