Украина президенті Виктор Янукович премьер-министр Николай Азаровтың отставкасын қабылдады. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап, РБК хабарлады.
Украиналық заңнамаға сәйкес премьердің отставкаға кетуі барлық министрлер кабинетінің отставкаға кетуін білдіреді.
Н. Азаров бүгін таңертең отставкаға кетуге өтініш берді.
«Мемлекетте орын алған қақтығыстар Украинаның экономикалық және әлеуметтік дамуына қауіп төндіреді, украиндық қоғамға және елдің әр азаматына зиянын тигізуі мүмкін. Үкімет қақтығысты бейбіт шешу мақсатында осындай қадамға барды, біз қан төгілмеу үшін, халықтың көтерілмеуі үшін, азаматтардың құқықтарының бұзылмауы үшін осылай жасадық және ол үшін бәрін жасауға дайынбыз. Үкімет шұғыл жағдайларда экономиканың және әлеуметтік қорғау жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етті», - деп мәлімдеді ол.
Н. Азаров өз мәлімдемесінде отставкаға кетуіне қақтығыстың ушығуы мен қауіптілігі мәжбүрлегенін баса айтты. Бұл ретте ол: «Қазір ең маңыздысы - Украинаның бірлігі мен тұтастығын сақтау, - деді, - Бұл қандай да бір жеке жоспарлар мен кеудемсоқтықтың алдында аса маңызды».