Медицинадағы құжаттың 200-ден астам түрі электрондық форматқа көшірілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Медицинадағы құжаттың 200-ден астам түрі электрондық форматқа көшірілді

09.01.2019

Биылдан бастап емханаға бару және кезекке тұру 2 есеге қысқарады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Мәліметке сәйкес, қаңтардың 1-нен бастап медициналық құжаттардың 200-ден аса формасы электрондық форматқа көшіріліп, 62-сі мүлдем алынып тасталған. Нәтижесінде дәрігерлер қағаз толтырудан босап, бар зейінін пациентке аудармақ. Ал, науқастар медициналық карталарын арқалап жүруден арылады. Денсаулық паспорты электрондық нұсқада болады. Ол жерде сырқаттар тарихы, жолдама, тапсырған анализдерінің қорытындысы, дәрігердің нұсқаулығы, тағысын тағылар, түгел ай-күнімен сақталады. Бұл ең алдымен дұрыс диагноз қоюға септігін тигізсе, екіншіден, созылмалы ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік бермек. Пациенттің паспортын қажеттілігінше, Қазақстанның кез келген бұрышынан кез келген дәрігер көре алады. 

Гаухар Бисарина, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің басшысы:

- Біз қағазбастылықтан арыламыз. Ол пациентке де тиімді. Медициналық карталарын жоғалтып алу, ары-бері тасу, үйіне алып кету деген болмайды. Яғни, әрбір дәрігер пациент келген кезде оның жеке паспортына кіру арқылы алдында қандай аурулары болғанын, қарсы көрсетілімдері бар ма, сол аурудың барлық тарихын көріп отырады.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу