Басты Жаңалықтар Әскери реформада не өзгереді?

Әскери реформада не өзгереді?

Президент жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауын 28 қазанда жариялайтынын хабарлады. Бұрынғы Туиттер, қазіргі Х әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«...Қазір осы маңызды құжаттың мәтінімен жұмыс істеп жатырмын», – деген.

Сонымен бірге осы аптада ол әскери реформа мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді. 24 қыркүйекте Маңғыстауда 14 сарбаз опат болғаннан кейін әскери реформа жоспарын жасауды тапсырған. Соның жобасы талқыланған.

Мақсат – қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құру.

«...Өзгеріс басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуы тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева жоспардың негізгі ережелерін таныстырған. Жаңалық – Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру.

Ең басты жаңалық – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңнен тұратын үлгісіне көшу. Әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтеді. Кейінгі алты айда тікелей әскери бөлімдерде қызмет етеді.

Әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру жоспарланып отыр.

Жоспарда көзделген ұйымдастыру шаралары осы жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық шаралар келесі жылы іске асырылады.

Президент, Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссияның жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Ақ Орданың хабарлауынша, отырыс қорытындысы бойынша Әскери реформа жоспары мақұлданған.

Бөлісу