Басты Жаңалықтар «Таза Қазақстан»: Екі жылда не өзгерді?

«Таза Қазақстан»: Екі жылда не өзгерді?

Қолдауға қысылмайтын дүниелер болады. «Таза Қазақстанның» тура да, ауыспалы да мағынасы терең шара. Ресми органдардың есебінше, 7 млн-ға жуық азамат бел шеше жұмыс істеген, 844 мың тонна қалдық жиналып, 1,3 млн-нан астам тал егілген.

Таза Қазақстан – Конституцияда бекітілген ұстаным. Асыл мұрат.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

«Таза Қазақстан» акциясы 2 жыл бұрын басталды. Бұл елді мекендерді тазарту мен көгалдандыруға бағытталған жалпыұлттық бастама. Бірақ бұл бастаманы тек сенбіліктер деп қарастыру дұрыс болмас.

Себебі оның ар жағында үлкен мақсат бар. Ол – қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды өмір салтына айналдыру. Мысалы, «Таза Қазақстан» аясында кейбір аймақтарда «Таза аула», «Үлгілі ауыл» сияқты бастамалар қолға алынды. Астанада қалдықтарды бөлек жинауды насихаттайтын экологиялық хаб ашылды. «Жасыл балабақша» жобасы басталып, балаларда экологиялық сананы қалыптастыру шаралары жүргізілді. Соның негізінде халықтың қоршаған ортаға көзқарасы өзгергені байқалады, – дейді экобелсенді.

Базарбек Қамысбаев, экобелсенді:

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, мысалы, 2020 жылға дейін ондай қатты байқалмайтын. Мысалы, сол жылдары көп адам білмейтін. Неліктен біз пластиктен бас тартуымыз керек? Неліктен біз қоқысты тастамауымыз? Деген сияқты сол кезде кішкентай балалармен сөйлескен кезде олардың ата-аналары бұл жайында ойламайтынын айтатын көбісі. Ал қазір мен өзімнің айналамнан да көретінім – біртіндеп экологиялық сана өзгеріп келе жатыр.

Себебі «Таза Қазақстан» тазалық мәселесін қоғамдық күн тәртібіне шығара алды, – дейді экобелсенді. Бірақ бастама нәтижелі болуы үшін ақпараттандыру тәсілдерін жетілдіру қажет. Халыққа тазалықтың маңызын айтып қана қоймай, жиналған қалдық қайда жіберіліп, қаншасы қайта өңделетінін түрлі тәсілмен көрсету керек. Өйткені мәселе қоқысты жинаумен шешілмейді. Азаматтар сол жиналған қоқыс қайтадан қоршаған ортаға зиян келтірмейтінін көргенде ғана сенбіліктің мәнін түсініп, өз әрекетінің салдарын сезеді.

Ақсұлу Сәнғали, PR маманы:

Мен «Таза Қазақстан» туралы, әріптестерім айыпқа бұйырмасын, мысалы, «Таза Қазақстан» туралы жаңағы видеоны көргеннен кейін ме, жүгіріп, ұмтылып есігімнің алдын тазалауға тырыспаймын. Егер де маған оны, маған басқа форматта беретін болса, сіздің бір тастаған қоқысыңыз ертең жаңағындай үйінді болатын болса, ертең сол үйіндімен сенің бала-шағаңның өтетінін, тағы басқа деген сияқты біз белгілі бір құндылықтарға айтатын болсақ, сонда мен «ех» деймін де, менде сана өзгеретін еді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Жалпы Қазақстанда жыл сайын 5 миллион тоннаға жуық қоқыс шығарылады. Ресми мәлімет бойынша, олардың 30 пайызы қайта өңделеді.

Демек, қалдықтың шамамен 70 пайызы кәдеге жаратылмайды. Мәселенің күрделі тұсы осы. Өйткені көшедегі қоқыс жиналғанымен, ол кейін бәрібір полигонға көмілсе, тазалық сақталды деген аты ғана. Сондықтан бұл азаматтардың ынтасын азайтып, олардың ойында «Тазалық тек маған керек пе?» деген түсінік қалыптастыруы мүмкін.

Таңшолпан, әлеуметтанушы:

Жалғыз менің іс-әрекетімнен не өзгереді деген секілді сананы да жоққа шығара алмаймыз. Біз әдетте дамыған елдерді қарастырған кезде, біз олардағы барлық институттардың бірге жұмыс жасайтынын байқауға болады. Барлығы бірге қатар жұмыс жасау арқылы осындай нәтижеге жетіп отыр.

Демек, азаматтардан жауапкершілік талап ету үшін оған мүмкіндік жасалуы тиіс. Сондықтан Қазақстан Үкіметі қалдықтарды өңдеу мен жоюдың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіткен. Құжатта қалдықтарды есепке алудың цифрлық жүйесін құру, сұрыптау мен қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту және полигонға жіберілетін қалдық көлемін азайту көзделген. 2030 жылға қарай полигондарға жіберілетін қалдық көлемін қазіргіден 10 пайызға дейін қысқарту межесі қойылған.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Әрине, бұл тек халықтың экологиялық санасына байланысты емес. Эстония, Швейцария, Швеция сияқты елдерде тазалық – азаматтардың жеке жауапкершілігімен қатар, жүйелі мемлекеттік жұмыстың нәтижесі. Біріншіден, олар қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуге қажетті инфрақұрылым қалыптастырған. Екіншіден, халықты ынталандыру тетіктерін енгізген. Мысалы, Швейцарияда сұрыпталмаған қоқысты тастау үшін арнайы таңбаланған пакет сатып алу қажет. Олар қымбат тұрады. Ал оны алғың келмесе, қоқысты сұрыптап өткізу міндет. Германия мен Эстонияда сусын бөтелкелеріне депозит жүйесі енгізілген. Яғни адам ыдысты арнайы қабылдау орнына тапсырса, сатып алған кезде төлеген қосымша ақшасын қайтарып алады. Ал Оңтүстік Кореяда кейбір тұрғын үйлерде қалдықтың салмағы өлшенеді. Яғни адам қалдықты аз шығарса, сол қызметке шығыны аз болады. Швецияда қоқыс полигондарына жіберілетін қалдық көлемі барынша азайтылған. Тұрмыстық қалдықтың 99 пайызы қайта өңделеді немесе заманауи зауыттарда өртеніп, жылу мен электр энергиясын өндіруге пайдаланылады.

Базарбек Қамысбаев, экобелсенді:

Бізде де, мысалы, естеріңізде болса, пакетті ақылы қылған кезде көп адам наразы болған. Бірақ, мысалы, қазір қарасаңыз, пакеттің ақылы болғанына бәрі көзі үйреніп кетті және пакет алушылардың саны азайды да. Өйткені адам қалтасына салған кезде оның бәрі әсер етеді және ол ойлана бастайды.

Сондай-ақ өзге елдерде қоқыс жәшігінен тыс жерге немесе темекі тұқылын көшеге тастағаны үшін көп көлемде айыппұлдар қарастырылған. Яғни заң бұзған адам жауапкершілікке тартылатынын біледі. Бірақ ол жақта жазалау механизмі негізгі тәсіл емес. Оған жеткізбеу үшін барлық инфрақұрылым жасалған.

Ақсұлу Сәнғали, PR маманы:

Қазіргі таңда, өкінішке қарай, біздің пайдаланып отырған инструментіміз – ол айыппұл салу. Бұл да мәдениетті өзгертуге ықпал етеді, бірақ саналы түрде жасауға оның ықпалы жоқ. Өйткені камера жоқ, басқа адамдар жоқ кезде менің санамда ештеңе өзгерген жоқ, мен ол жерде темекіні тастауға, қағазды да, басқаны тастауға, мен оған онда тұрған ештеңе жоқ деп айтайыншы. Ал қоғамдық сананы өзгерту деген әлдеқайда тереңірек, әлдеқайда ұзағырақ процесс, мысалыға.

Таңшолпан, әлеуметтанушы:

Жазалау әдетте қоғамдық сананы өзгертудің ең соңғы механизмдерінің бірі ретінде саналады. Егер де, мысалы, қарапайым тілмен түсінбесе немесе сана деңгейінде бірден өзгерістерді алып кете алмайтын болса, онда ол қоғамға әлі де ондай жүйенің керек екендігі. Бірақ дегенмен ол жазалау тек дамушы елдерде емес, дамыған елдерде де бар. Бұл, біріншіден, адамның анандай ұзақмерзімді өзгерістер бар және қысқа мерзімді өзгерістер бар. Екеуінің арасында алшақтықты төмендету үшін екі жақтан да қатар шешімдер қабылданғанда нәтижеге жету оңайырақ болып табылады.

Демек, тазалыққа үндеу, айту бір бөлек, оны күнделікті әдетке айналдыратын жүйе қалыптастыру бір бөлек. Сондықтан тазалықты сенбілікпен бастап, жүйелі саясатпен жалғастыру қажет. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экологиялық сана, қолайлы инфрақұрылым және жауапкершілік қатар жүргенде ғана нәтиже тұрақты болады.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

«Таза Қазақстанның» нәтижесі де жиналған қоқыстың көлемімен ғана емес, уақыт өте келе қоқыстың азаюымен, қайта өңдеудің артуымен байланысты. Өйткені тазалық көшені тазалаудан бұрын, оған қоқыс тастамаудан басталады.

Бөлісу