Басты Жаңалықтар Жеті жылдағы жетістіктер: Президент ел дамуының негізгі көрсеткіштерін атады

Жеті жылдағы жетістіктер: Президент ел дамуының негізгі көрсеткіштерін атады

Бүгін «Ақорда» резиденциясының алдында Республика күніне арналған Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті. Құрмет қарауылының бастығы Президентке рапорт берді. Бұдан кейін Мемлекеттік ту көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды.

Президент Республика күніне арналған салтанатты жиында бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады. 7 жылды шолып, баяндама жасады.

Үзінді келтірсек:

2019 жылдан бері экономика 30 пайызға жуық өсті. Ішкі жалпы өнім жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты.

«Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында 7 миллион баланың есепшотына 2,5 миллиард доллар қаржы аударылды.

Былтыр 20 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй салынды.

Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады.

Шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті.

Жыл сайын 150 мыңнан аса жеңіл және жүк көлігі құрастырылады.

Ал жыл басынан бері жалпы құны 60 миллиард доллар болатын 355 коммерциялық келісімге қол қойылды.

Еліміз Еуразияның жетекші көлік-логистика хабы ретінде позициясын нығайта түсті. Жеті жыл ішінде он мыңдаған шақырым автокөлік жолы мен теміржолдар салынып, жөнделді. Еуропа мен Азияның арасын жалғап тұрған көлік, энергетика және цифрлық тораптар Қазақстан арқылы өтіп жатыр.

Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы мен заманауи Astana Hub технопаркі жұмыс істейді. ІТ-қызметтердің экспорты 1 миллиард доллардан асты.

Екі суперкомпьютер іске қосылды. Оның игілігін отандық компаниялар мен ғалымдар көріп жатыр. Жақында аса қуатты тағы бір суперкомпьютер пайдалануға беріледі.

Жаңадан салынып жатқан дата-орталықтар кластері – Деректерді өңдеу орталығының алқабы цифрлық экономиканың берік негізін қалайды.

Әлеуметтік салаға келсек, соңғы жеті жылда 88 триллион теңге қаржы бөлінді. 1259 денсаулық сақтау мекемесі, 1483 балабақша, 1342 мектеп салынды. Кейінгі жеті жыл ішінде жастардың жоғары білім алуы үшін жалпы құны 1,5 триллион теңге болатын 655 мыңнан астам оқу гранты бөлінді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мен бүгін еліміздің бірқатар жетістігіне тоқталып өттім. Бірақ қазіргідей құбылмалы әрі бәсекеге толы заманда бей-жай, бейқам отыруға мүлдем болмайды. Әлі көп жұмыс істеуіміз қажет, кемшіліктер мен олқылықтар бар екенін мойындаймыз, оларды жою және түзету үшін Үкімет пен депутаттар және барлық мемлекеттік қызметшілер күш салуы керек.

Халықаралық ахуалды, соның ішінде дамыған елдерде болып жатқан соңғы оқиғаларды көріп-біліп отырсыздар. Расында, Заң мен Тәртіп сақталмаса, татулық пен ынтымақ болмаса, ешқандай даму, қысқасы, төрт құбыламыз түгел болмайтыны айдан анық.

Бөлісу