Білім, еңбек, ізденіс: Ел дамуына үлес қосып жүрген мамандар
Кеңес өкіметін жек көретін адам үшін Республика күнінің мәні зор. Қазіргі мемлекеттіліктің қайнар көзі. Өздерін Жердегі қожайын санайтындардың, әсіресе соңғы 4 жылдағы әрекетіне біресе күрсініп, біресе көзге жас келіп, біресе ащы күліп, біресе ашуланып отырмыз. Мемлекетімізді мәңгілік қылу – әрқайсымызға байланысты екенін соғұрлым түсінеміз.
Елдос Есенбол, тілші:
Бұл тақырып аясында мен әртүрлі салада жетістікке жеткен отандастарымызбен сөйлестім. Үш түрлі бағыт, үш түрлі сала. Бірақ мақсаты бір. Оларды толғандыратыны – білгенім мен түйгенімді қалай елдің пайдасына жаратамын деген ой. Енді рет-ретімен тарқатайын.
Мысалы, мен нейрохирург Сапарбек Сейтбековпен сөйлестім. Ол 2019 жылдан бері Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында жұмыс істейді. Жалпы, Қазақстандағы медицинаның хирургия бағыты, оның ішінде нейрохирургияның жетістіктері туралы бұған дейін де бірнеше рет «Апта» эфирінде айттық. Айы-күні жақындаған келіншектің басындағы қатерлі ісікке ота жасағанда өзім де куәгер болғанмын. Сапарбек Сейтбеков болса, балалар нейрохирургі.
Сапарбек Сейтбеков, Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирургі:
Балаларда болатын туа және жүре пайда болған орталық жүйке жүйесі, мидың, сонымен қатар жұлынның, шеткі жүйке жүйесі дейміз, яғни нервтердің, бас сүйегінің, омыртқаның ақауларына ота жолымен көмектесеміз. Бөлімшеміздің қабырғасында жылына 600-ге жуық ота жасалады. Ал жалпы орталықты айтатын болсақ, орталығымызда 3500-дей ота жасалады әр жылда.
Нейрохирургпен тілдесіп отырғанда медицинаның шынында таңғажайып мүмкіндіктері бар екеніне тағы бір мәрте көзіміз жетті. Ал ғажайыпты жасап жүрген – дәрігерлер. Тек енді осындай білікті дәрігерлер елдің әр өңірінде, осындай озық технологиялар әр қалада болатындай деңгейге жету үшін қандай жұмыстар істелуі керек деген ой туды... Сапарбек сияқты хирургтер әр облыста қызмет етсе ғой!
Сапарбек Сейтбеков, Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирургі:
Омыртқа ісігімен түскен бір бала болды. 13 жасында отаға келді. Келген кезінде екі аяғы жұмыс жасаған жоқ, кіші дәрет, үлкен дәреттердің қызметтері бұзылған болды. Сол бала қазіргі таңда 18-ге толып, ЖОО оқуын жалғастырып жатыр. Ота барысында, ем барысындағы болған қиындықтар, стресстік ситуациялардың барлығы бала жазылып, күліп-ойнап үйге шығып кеткенде, барлығы ұмытылады.
Тағы бір кейіпкерім – Асылжан Алтай. Жасанды интеллект арқылы ағылшын тілін үйрететін қосымша жасаған жастардың бірі. Жобаның басты идеясы – бәріне бірдей дайын сабақ ұсыну емес, әр адамның деңгейіне, қызығушылығына және оқу мақсатына қарай тілді меңгеруге көмектесу.
Асылжан Алтай, кәсіпкер:
Кәдімгі курстарда бала, мысалы, 60 минут, 40 минут отырады. Бір группада 10 адам отырады. Оған мұғалімнің уақыты да жетпей қалуы мүмкін. Бірнеше нұсқаларын шығарып жариялағанбыз. Олардың біреуі де өткен жоқ. Бұл үшінші немесе төртінші нұсқасы.
Асылжанның айтуынша, жобаны жүздеген инвестор мен жеке қорларға ұсынған. Олардың бәрі дерлік қолдаудан бас тартыпты. Сөйтіп, жас кәсіпкерлер әлеуметтік желі арқылы жарнама жасайды. Нәтижесінде жоба App Store-да Duolingo секілді танымал қосымшалардан да озып кеткен. Иә, бұл бір ғана мысал. Бірақ үнемі осылай бола бере ме? Бар проблемаларды бетінен қалқымай, қалай және неге шиеленіскенін ұққысы келетін және оларды шешуге асық жастардың меселі қайтпауы керек.
Асылжан Алтай, кәсіпкер:
Әлемдегі сапалы білімді тарататын ең үлкен агрегатор платформа болу. Себебі мен өзім білім саласындағы мәселелерді шешкім келеді, білім бергім келеді, білім саласында көп тиімсіз процестерді көріп тұрмын. Дәл қазір Қазақстан ағылшын тілі бойынша әлемде 112 мемлекеттен 94-ші орында. Неге? Зерттеу керек оны.
Осы сұраққа мен тілдескен тағы бір кейіпкер Әсел Ибадулла жақсы жауап беретін секілді. Ол Knight-Hennessy стипендиясымен Стэнфорд университетіне түскен алғашқы қазақ қызы. Әсел онда оқуға түскенде қазақстандық азаматтардың беделді университеттерде оқуы, мықты жерлерде жұмыс істеуі өзі үшін ғана емес, тұтас ел үшін маңызды екенін түсінген.
Әсел Ибадулла, Knight-Hennessy стипендиясымен Стэнфордқа түскен тұңғыш қазақстандық:
Мен айтып отырамын: «Бізде Қазақстанда былай» немесе «Біздің тарихымызда мынадай жағдай болған» деп. Сол кезде түсіндім: егер де сол бөлмеде бір елдің адамы отырмайтын болса, ол ел туралы ешқашан әңгіме болмайды. Біздің елде жасайық, біздің елдің мәселесін қолға алайық дейтін адам болмаса, ол нәрсе ешқашан талқыланбайды. Сондықтан да ойлаймын, жаһандық денсаулық сақтау ісінде де, ДДҰ сияқты ұйымдарда біздің адамдар өте керек.
Әселдің қазір Стэнфорд университетінде оқып жатқан мамандығы, қарапайым айтқанда, денсаулық сақтау ісінде дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Мысалы, қандай да бір медициналық технология «Сол мемлекетке қажет пе? Мемлекет оған инвестиция салуы керек пе? Адамға қаншалықты көмегін тигізеді?» деген сан сауалға жауап іздейді.
Әсел Ибадулла, Knight-Hennessy стипендиясымен Стэнфордқа түскен тұңғыш қазақстандық:
Осы шешімдерді қабылдау Қазақстан сияқты дамушы елдерге маңызы әлдеқайда жоғары. Себебі бізде өте аз бюджет бар ғой. Егер сол бюджетті ең эффективті нәрсеге жұмсамай, одан әлсізрегіне жұмсаған кезде сен ақша жоғалтасың да. Әр шешім, әр жұмсалған ақша – ол зерттелген, анализден өткен нәрселерге жұмсалуы.
Сөз соңын балалар нейрохирургі Сапарбек Сейтбековтің мына бір ойымен түйіндеген дұрыс секілді.
Сапарбек Сейтбеков, Ұлттық нейрохирургия орталығының нейрохирургі:
Хирург неше жасқа дейін жұмыс жасай алады, сол кезге шейін қолынан келгенінше, мүмкіндігі барынша, озық технологиялардың барлығын пайдаланып, халыққа, науқастарға көмектесуі керек деп ойлаймын.
Бұл сөзді тек дәрігер ғана емес, әр саланың маманы айтса дейсің. Өйткені қай саланы да көктету үшін азаматтардың талпынысы ғана жеткіліксіз. Олардың білімі мен еңбегін ел игілігіне жаратуға мүмкіндік беретін жүйе де қажет. Жақсы дәрігерге озық технология, жақсы идеяға – қолдау, ал дұрыс шешім үшін нақты дерек керек. Мемлекеттің міндеті де – осындай мүмкіндіктерді жекелеген адамдарға емес, тұтас қоғам үшін жасау.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы