Жасөспірімдердің түсік жасатуына ата-ананың рұқсаты керек пе, жоқ па? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жасөспірімдердің түсік жасатуына ата-ананың рұқсаты керек пе, жоқ па?

27.11.2018

Жасөспірімдердің түсік жасатуына ата-ананың рұқсаты керек пе, жоқ па? Бұл мәселе соңғы күндері қоғамның қызу талқысында. Өйткені, күні кеше Денсаулық сақтау министрі елді елең еткізген ұсыныс жасады.

Еліміздегі әйелдердің репродуктивті жасын 18-ден 15-ке дейін түсіріп, жасөспірімдердің түсік жасау шешімін өздері қабылдау үшін заңнаманы өзгерту керек, - дейді министрлік. Өйткені, заңсыз түсік жасаудың соңы жағымсыз жағдайларға әкеліп отыр.

Ауылдағы ағайыннан ұялып, түсік түсірткендердің бірі – Ұлбике. Жастығымен, мастығымен жасаған қылығын қазір қылмысқа балайды. Отау құрып, ана атанатын жасы жақындап қалған ару енді түсіктің түбі бедеулікке алып келе ме деп қорқады.

Ұлбике, қала тұрғыны:

17 жасымда болған оқиға. Қалаға ең алғаш студент болып келген кезім. Жаңа орта, жаңа таныстар. Ниеті түзу емес адаммен жолығып қалдым. Оған өзім де кінәлімін. Аяғым ауыр болып қалғанын естіген сәтте көз алдыма ата-анамның айқайы, туыстардың әңгімесі елестеді...

Міне, осындай өрімдей жасөспірімдер үшін Денсаулық сақтау министрлігі түсік жасатуға рұқсат беруді ұсынып отыр. Ата-анасына айтуға бата алмағандар олардың батасын алмай-ақ өздері шешім қабылдасын. Осылайша, министрлік түсіктің алдын аламыз, - дейді. Парадокс. Алайда, олардың өз айтары бар. Соңғы жылдары жыныстық қатынасқа ерте түсетіндердің саны еселеп кеткен. Еліміздегі жасөспірімдердің үштен екісі 15 жасқа дейін еркіндікке елігіп, ерте есейеді екен.

Айжан Есмағанбетова, ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры:

Түсіктердің алдын алғымыз келеді. Әңгіме қаламаған жүктілік жайында. Ал жасөспірімнің аяғы ауыр болып қалса, ата-анасының рұқсатынсыз-ақ дәрігердің кеңесін алып, көрінуге мүмкіндігі болу керек. Өйткені, бүгіндері жасөспірімдердің көбі әке-шешесіне бұл жағдай туралы айтқысы келмейді. Егер осыны заңдастырсақ, жасөспірім медициналық көмекке заңды түрде жүгіне алады.

Сондай-ақ, қыз-келіншектердің репрудиктивті жасын 18-ден 15-ке дейін түсіру ұсынылды. «Қызға 40 үйден тыйым салуды» құптаған қазақ болмысы үшін жат болғанымен, заман талабы сондай. Ақ халаттылар көршілес Ресейде репродуктивті жас 15 болып бекітілгенін, кей елдерде, тіпті, шектеу жоқ екенін алға тартады. Ал, біздің қоғамымызда «ұят тақырып» саналып,  жасөспірімдер жасырған сайын қауіпті дерттер де көбейіп келеді.

 Райымбек Сисемалиев, БҰҰ халық қоныстануы бойынша қордың атқарушы директоры:

Ресми деректерге сәйкес 1000 қыздың 28-і 15 пен 18 жас аралығында босанады. Бұл ЕЭЫҰ кіретін мемлекеттермен салыстырғанда 6 есе көп. Жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурулар да дендеп барады. 1000 адамға шаққанда 38 процент трихомониаз, 30 проценті соз ауруына, ал 24 проценті мерезге шалдыққан.

Ал, заң шығарушы билік шетін мәселенің шешімін шығаруға әзір емес екен. Өйткені, мұндай ережелер қылмыстық әрекеттерге әкелуі мүмкін.

 Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

Ата-анасын ескертпей түсік жасатылса, тағы да жасырын әрекеттер болуы мүмкін. Оның бәрін қадағалау қиын болады. Себебі, біз өзіміз заңды түрде түсік жасатуға рұқсат береміз. Ал мен өзіме мұндай жауапершілік ала алмаймын. Дұрыс па, бұрыс па, мұқият ойлану керек.

Альбина Әшім, тілші:

Бұл ұсынысқа түрткі болған басты себеп – ұрпақсыздықтың артуы. Еліміздегі әрбір 16-шы жұпта  түсіктің салдарынан бедеулік пайда болып отыр. Дүние есігін ашып үлгермей үзілген өмірден бөлек, сәбилердің қоқысқа лақтырылуы да көбейіп кеткен. Алайда, есі кірмеген жасөспірімдерге ерік беріп, ауыр жүкті өздеріне арту қаншалықты дұрыс? Дәрігерлер жеткіншектің денсаулығына қауіп төнсе, жауапкершілікті өз мойнына алудан аулақ. Сондықтан, бұл мәселе қоғам талқысы мен таразысына салынатын болды.

Альбина ӘШІМ

 

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу