Жоғары оқу орнын бітірген, қолында дипломы бар қазақстандықтардың үштен бірі жұмыссыз жүр. Мемлекеттік білім беру тапсырысының бөлу тетіктерін жетілдіруге арналған отырыста мәжіліс депутаттары осы мәселені көтерді.
Халық қалаулыларының пікірінше, бүгінде білім гранттарын реттеу жұмысы тиімсіз жүргізілуде. Өйткені қазіргі таңда Қазақстанда 442 мыңға жуық адам жұмыс таба алмай жүр. Олардың 30 пайызы жоғары білімді. Ал жұмыс берушілер болса 26 мың орынға қажетті мамандар таппай отыр. Нарықты толығымен зерделеп, сұранысы жоғары мамандықтарға мемлекеттік тапсырысты көбейту керек. Ол үшін ұлттық квалификация жүйесі қажет. Ол 2012 жылы дайындалып бастаған. Алайда әлі күнге дейін аяқталған жоқ.
Бақытгүл Хаменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, жергілікті әкімдіктер тарапынан жүйелі жұмыс керек. Жүйелі,маңызды, мазмұнды бағдарламаларды ары қарай үйлестіретін тетіктер қажет. Себебі жұмыссыздық мәселесі әлі де бар.
Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ