Түркі әлемінің ортақ мұрасы: «Түркістан» энциклопедиясы жарық көрді
«Түркістан» атты екі томдық энциклопедия жарық көрді. Оны жазуға 300-ден астам ғалым мен зерттеуші қатысып, төрт мыңнан астам мақала мен ұғым қайта зерделенді. 2021–2025 жылдары әзірленген энциклопедияда түркі халықтарының тарихы, мәдениеті, әдебиеті, фольклоры, археологиялық және сәулет мұралары қамтылған. Екі томдық еңбектің бас редакторы әрі жоба жетекшісі – академик Дархан Қыдырәлі. Жауапты редакторы – Тұрдықұл Шаңбай. Басылымның басты ерекшелігі – Түркістан ұғымының бүгінгі әкімшілік шекарамен шектелмей, тұтас түркі өркениетінің тарихи-мәдени кеңістігі аясында қарастырылуы. Бір сөзбен айтқанда бұл ортақ түркі мұрасын жүйелеуге бағытталған іргелі ғылыми еңбек. Тұсаукесерде еңбектің жарық көруіне атсалысқандарға Мемлекет басшысының атынан Алғыс хат табысталды.
Дархан Қыдырәлі, «Түркістан» энциклопедиясының бас редакторы, тарих ғылымдарының докторы, академик:
Өздеріңіз білесіздер, бірнеше жылдың ішінде Түркістанға қатысты көптеген жаңалықтар болды. Орталық Азия интеграциясы қазір жаңа деңгейге шықты. Соның бәрін біз энциклопедияда беруге тырыстық. Бұдан бұрын да бір томдық энциклопедия шыққан. Бірақ бұл мүлдем жаңартылған екі томдық энциклопедия. Жалпы түркі әлемінің бір нақты, жинақталған дереккөзі ретінде бағалауға болады. Бүгін Республика күні қарсаңында өтуінің символикалық мәні зор. Өйткені Орталық Азия мемлекеттеріне биыл 35 жыл толып отыр.
Ақил Джамал, Әзербайжандағы «Түркістан» газетінің бас редакторы:
Меніңше бұл еңбек Қазақстан үшін ғана емес бүкіл Түркістан өңірі мен тұтас түркі әлемінің болашағы үшін де аса маңызды. Алдағы уақытта осы энциклопедияның әзербайжан тіліне, сондай-ақ басқа да түркі тілдеріне аударылып, бүкіл түркі жұртшылығына қолжетімді болғанын қалаймын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы