«Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған жастар неге елімізде жұмыс істегісі келмейді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алған жастар неге елімізде жұмыс істегісі келмейді?

22.01.2019

Шекара асып, білім алуға ұмтылатын жастардың саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, қазіргі таңда шетелдік жоғары оқу орындарында 120 мыңнан аса отандасымыз білім алып жатыр. Басым көпшілігі Ресей және Қытай елдерінде. Олардың біразы Қазақстаннан шықпай, қашықтықтан оқуды жөн көрген. Ал, Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінің университеттерінде тәлім алған жастардың бірқатары оқуы біткенмен, елге қайтуды жөн көрмейді.

Ирма Егінбаева - «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ұлыбританиядағы Ньюкасл университетінде теңіз техникалары мамандығы бойынша магистратура, докторлық зерттеулерін қорғап шыққан. Алайда, оқу біткеннен кейін елге қайтуға асыққан жоқ. Ғылымға терең бойлауды мақсат тұтады. Ал, Қазақстанда ол оқыған салада жоғары деңгейде зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан Швециядан түскен ұсынысты қабылдап, кәрі құрлықта қызметін жалғастырады.

Ирма Егінбаева, Чалмерс техникалық университетінің ғылыми қызметкері:

- Осындай ортада өзіңді ұстауың керек. Ғылыми ортада. Өйткені бір-екі жылда біраз тәжірибе аласың.

Ал, Мейрам Жанділдиннің шетелде жақсы жұмысы, жайлы орны болса да, отанға деген сағынышы оны Еуропада ұстай алмапты. Чехиядағы Карлов университетінің түлегіне беделді еуропалық банк жақсы қызмет ұсынған. Жарты жылдай жұмыс істеген соң, отанға қайтады. Қазақстанға келген соң, 5 жыл банк саласында қызмет етті. Ал, былтыр оқу орталығын ашып, жеке іс бастады. Биліктің қолдауы күшейіп, көбірек көңіл бөлінсе, болашақта біздің де жастар әлемді бағындырады деп сенеді.

Мейрам Жанділдин, «Топжарған» оқу орталығының басшысы:

-«Алибаба» мен «Алиэкспрессті» бәріміз білеміз, иә. Оларды бүкіл әлем біледі. Біздің қолымыздан сондай келеді деп ойлаймын. Зияткерлік білімге көңіл бөлінсе. Үкімет қолдаса.

Меруерт Бүркітбаева «Болашақпен» Ұлыбританияда тәлім алған. Қоғаммен байланыс мамандығына терең үңілген бойжеткеннің алғырлығын жергілікті мекемелер жақсы бағалап, қызмет те ұсынған. Алайда, Меруерт Қазақстанға келіп жұмыс істеуді жөн көрді. Себебі ол шетелде алған тәжіриесін осында қолданып, елге титтей болсын пайдамды тигізсем дейді.

Меруерт Бүркітбаева, «Астана Балеттің» баспасөз хатшысы:

- Шетелде білім алдым. Оқуды аяқтағаннан кейін сонда қалу немесе Қазақстанға қайту деген таңдау тұрған кезде, ең бірінші отан алдындағы жаупкершілікті ойлап, сол жақта алған білімімді осы жерде пайдалану үшін қайтып келдім. Қазір ауылдық жерлерде ағылшын тілін дамыту ісіне де атсалысып жүрмін.

Біздің кейіпкерлеріміздің әрқайсысы да Қазақстанға өз білімдерін жұмсап, елге еңбек етуге мүдделі. Біздің береріміз бұдан да мол. «Алайда, бүгінгі таңда қиындықтар мен кедергілер де аз емес», дейді олар. Дегенмен, бұл олардың алға қойған мақсаттарынан таюға еш себеп емес.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу