Басты Жаңалықтар Атырауда студенттер арасында өткен халықаралық техникалық олимпиада қорытындыланды

Атырауда студенттер арасында өткен халықаралық техникалық олимпиада қорытындыланды

Білім додасына Қазақстан мен Ресейдің 8 жоғары оқу орнынан 40 студент қатысты. Олар түрлі зертханалық жұмыстармен қатар, мұнай-газ саласына қатысты күрделі тапсырмаларды орындады. Олимпиадаға қара алтын қорын игеруші алпауыт компаниялар демеушілік жасап, қолдау білдірді.

Студенттердің орындаған жұмыстарына шетелдік компаниялардың өкілдері мен инженерлері төрешілік жасады. Білім додасында техника тілін жетік білу негізгі талаптың  бірі болды. Сондай-ақ, сайыскер ағылшын тілінде еркін сөйлеуі тиіс.  

Ермек Күзенбаев, «APEK Petrotechnic жоғары колледжі» ЖШС директоры:

- Бұл олимпиаданың негізгі ерекшелігі бүгінгі таңда ағылшын тілінде өтіп жатыр. Бұл дегеніміз бүкіл студенттер, барлық қатысушылар тек ағылшын емес, техникалық ағылшын тілін меңгереді. Бұл өз кезегінде барлық қатысушыларға және студенттерге оқуды бітіргеннен кейін барлық әлемнің кез келген компаниясында жұмыс жасауға мүмкіндік береді.

Қатысушылар өзара пікір алмасып қана қоймай, мұнай-газ өндірісін жетілдіруге арналған ғылыми жобаларын қорғады. Ал, үздік деп танылған жобалардың өндірісте жүзеге асырылуына аймақтағы әлемдік деңгейлі ірі өндіріс ошақтары қолдау көрсетеді.

Эдуард Жантекенов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті:

- Былтыр үшінші орын алып қалғаннан кейін екінші рет келемін деп өзіме серт бердім. Осы жылы мен бірінші дәрежелі орын алдым. Өте қуаныштымын.

Халықаралық байланысты нығайту, тәжірибе алмасу және жастардың білімін шыңдай түсуге бағытталған білім сайысын ұйымдастырушылар діттегеніне жетті. Болашақ мұнайшылардың озық жобалары іріктеліп, жүзден, мыңнан тұлпар анықталды. Жалпы, командалық есеп бойынша бірінші орынды Атырау, екінші орынды Мәскеу, ал, үшінші орынды алматылық студентер тобы жеңіп алды.

 

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

Бөлісу