Интернет алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды
Жол қозғалысы ережесін бұзғаны туралы жалған қаулысы бар хаттардан сақ болыңыз! Бас прокуратура интернет-алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын айтып, халыққа ескерту жасады. Әккілер электрондық поштаға және мессенджерлерге жол қозғалысы ережелерін бұзу туралы жалған құжат жібереді. Онда жүргізушілердің деректері, көлік нөмірлері және «айыппұлды төлеу» сілтемесі көрсетіледі. Шын мәнінде, бұл — фишингтік шабуыл, сілтемеге өтпеңіздер дейді, - мамандар. Алаяқтар шоттағы ақшаны жымқырып қана қоймай, жеке деректерді де ұрлауы мүмкін. Ведомство ресми айыппұл туралы хабарламалар тек 1414 нөмірінен келетінін және онда ешқандай төлем сілтемелері болмайтынын еске салды. Айыппұлдар туралы ақпарат eGov порталы мен банктердің мобильді қосымшалары арқылы беріледі. Құзырлы органның дерегінше, алаяқтықтың аталған түрі қазір Ресей мен АҚШ-та белең алған. Сондықтан мұндай схеманың Қазақстанда да таралу қаупі жоғары.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
