Алматы облысының Қосағаш ауылына жаңа мектеп қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Қосағаш ауылына жаңа мектеп қажет

28.02.2018

Тұрғындардың билік басындағыларға қойып отырған жалғыз ғана талабы - осы. Себебі, қазіргі білім ордасының ғимараты әбден тозған. «Ескі мектеп жабылса, балаларымызды көрші елді мекенге тасып әбігерге түсеміз бе?», деп алаңдайды көпшілік.

Ауыл халқының мектеп мәселесіне осылай өздерінің араласуына тура келді. Себебі, ескі мектеп жабылуы мүмкін. 4 бөліктен тұратын білім ордасының тозығы жетіп, құлау алдында тұр. 

Төрт ғимараттың ең ескісі осы екен. 1948 жылы салыныпты. Осыдан екі жыл бұрын апатты деп танылып, қазір мұнда ешкім оқымайды. Ал, екінші ғимарат 1952 жылы салынған. Бірер жылда ол да осындай хәлге жетуі әбден мүмкін.

Қазір мұнда 100-ге жуық бала оқиды. Бөлмелері тар, қазіргі талаптарға мүлдем сәйкес емес. Мектепке жуық арада ауданнан арнайы комиссия келмек. Олар білім ошағын апатты деп таныса, балалардың көрші ауылдағы мектепке қатынауына тура келеді. Ата-аналарды алаңдататын басты мәселе - осы.

Бұлбұл Мәдиғажықызы, ауыл тұрғыны:

- Осы жерде 20 немерем оқиды. Мен бір баламды да жібермеймін. Жалғыз айтарым, осы мектеп қалсын, жаңа мектепті берсін.

Ауылға жаңа мектеп салынады. Биыл жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу үшін қаржы бөлініпті.

Гүлсара Исағұлова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

- 120 орындық мектеп салу мәселесі қарастырылып жатыр. Биылғы жылы жобалық-сметалық құжаттар дайындалады. Жобалық-сметалық құжаттары қалай мемлекеттік сараптамадан өтеді, солай құрылыс басталады.

Жаңа ғимарат бой көтергенше оқушылар бәрібір көрші ауылға қатынайтын болады. Аудан басшылары балаларды таситын мекемені іздестіруде. Бірақ, ұстаздардың мәселесі алаңдатып отыр. Жаңа мектеп дайын болғанша, ауылдың 40 шақты мұғалімі жұмыссыз қалмақ.

 

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу