Инновациялық технологияларды ауыл шаруашылығы саласында қолдану. Осындай бағыт ұстанған павлодарлық болашақ мамандар төрт түліктің қалыптасқан тұқымын өзгертіп, малдан алынатын өнімдердің көлемін ұлғайту жөнінде ғылми жұмыс дайындады.
Яғни, мал шаруашылығын дамытуды нарықтық экономикаға бейімдеп, бәсекелестікке төтеп берудің тиімді жолдарын ұсынып отыр.
Мұны нақты тәжірибе жүзінде іске асыруға болатынын дәлелдеу үшін студенттер биыл алғаш рет дипломдық жұмыстарын шалғай шаруашылықтарға барып қорғады.
Нарық жағдайында ешкінің басқа малдармен бәсекелестікке төтеп берер пәрмені бар екен. Мысалы, қазіргі уақытта 1 келі ешкі түбіті - 5 мың теңге.
Мына ешкілер асыл тұқымнан алынған будан. Павлодар облысында өсіруге аса қолайлы. Бұл агротехнологиялық факультеттің студенті Евгения Селиванова мен оның ғылыми жеткшілерінің төрт жылғы еңбегінің нәтижесі.
Евгения Селиванова, студент:
Түбіттілігі жағынан таулы Алтай ешкісі Қазақтың қылшықты ешкісіне қарағанда тиімдірек. Ал, еттілігі бойынша Қазақтың қылшықты ешкісін ұстау пайдалы. Бұлардан алынған будан түбітті әрі еті мол.
Ауыл шаруашылығының болашақ бакалавры Жанат Титановтың дипломдық жұмысы шопан ата түлігіне арналған. Соңғы уақытта фермерлер малды шетелдерден әкеліп жатыр.
Бірақ, олардың барлығы еліміздің климаттық жағдайына бейімделе алмайды. Мәселен, сырт көзге күдірейіп көрінетін тәжіктің «гиссар» тұқымдас қойлары салмағын тез жоғалтады.
Жанат Титанов, студент:
Гиссар оңтүстіктің малы болғандықтан, ол қыс мезгілін көтере алмайды. Сол кезде барлық өнімділіктері, абсолюттік өсімдері барлығы төмендеп қалады.
Арпа, бидай, сұлы дақылдарын бөрттіріп оның құрамындағы дәрумендерді екі есеге көбейтуге болады екен. Ал, оны сауындағы бие сүтінен қағылып кешірек жетілетін құлындарға берсе, жас төл тез өсіп кетеді.
Құлан түстес қазақтың «жәбе» тұқымды жылқысын жетілдіре түсудің де түрлі әдістері дипломдық жұмыстарға арқау болған.
Төлеуғазы Тоқтағанов, С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың профессоры:
Неғұрлым осы ауылшаруашылығына бейімделуі ертең осы салада жұмыс істеуіне өз әсерін тигізеді.
Бекзия Ысқақова, Май ауданының әкімі:
Дипломдық жұмысын қорғаған жастардың малдың қыр-сырын жақсы білетіндігі көрініп тұр. Мұндай дайын мамандарды жұмысқа қуана қабылдаймыз. Өйткені, ауылда мамандар жетпейді.
Аудиторияға қарағанда шаруашылықта студенттің өз біліктілігін жан-жақты көрсетуіне мүмкіндік мол. Дипломдық жұмысты қабылдауға келген көшпелі мемлекеттік комиссия мүшелерінің пікірі бұл.
Болат АМАНБАЕВ