Басты Жаңалықтар АҚШ Қазақстанда екі университет ашады

АҚШ Қазақстанда екі университет ашады

Вашингтонда өткен Орталық Азия – АҚШ саммиті аясында еліміздің білім саласын дамытуға серпін берер бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Оның ішінде әлемнің белді оқу орындарының бірі Колорадо тау-кен университеті Жезқазған қаласында Ұлытау техникалық университетін құруға атсалысса, Аризона мемлекеттік университеті Алматыда InnoTech жоғары оқу орынын бірлесіп ашпақ.

Сонымен әлемнің тау кен саласындағы ең беделді және рейтинг бойынша бірінші орында тұрған Колорадо скул оф майнс Ұлытау университетін құру ісіне тікелей қатысады. Екі жақ бірнеше ай жүрген келіссөздер мен толассыз талқылаулардан соң Вашингтон төрінде ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойды. Бұл еліміздің жоғары білім жүйесі үшін үлкен олжа дейді мамандар. Себебі америкалық оқу орнының бір жарым ғасырлық тарихында алғаш рет өз қосынын шет елде ашқалы отыр. 

Пол Джонсон, Колорадо тау-кен университетінің президенті:

Колорадо тау-кен университетінің құрылғанына жүз елу бір жыл болды. Тау-кен бағдарламалары бойынша әлемде бірінші орында тұр. Ал Қазақстан қазба байлықтарына бай мемлекет. Оның ішінде уран және өзге де маңызды және сирек минералдар бойынша әлемде алдыңғы қатарда тұрған елдердің бірі. Енді әлемдік деңгейдегі бағдарламалары бар университетпен біріксе, бұл заңды әріптестік. Біз мұндай ынтымақтастық үшін қуанып отырмыз.

Жаңа университет студенттерге әлемдік деңгейде мойындалатын қос диплом беріп қана қомайды, қолданбалы зерттеулер жүргізетін озық тәжірибе орталығына да айналмақ. Министр бұл келісім Қазақстанның Орталық Азиядағы академиялық хаб ретіндегі рөлін едәуір күшейтеді дейді. Вашингтон сапары аясында сондай-ақ Аризона мемлекеттік университетімен екі келісім жасалды.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Біріншісі - Әуезов университетімен Шымкент қаласында кішігірім кампус ашылады және Алматы жанында ашылып жатқан Алатау қаласында он екі гектарлық кампус ашылады.

Келісім негізінде келер жылы Алматы қаласында InnoTech университеті ашылады. Қазір заманауи кампусты дайындау жұмыстары қызу жүріп жатыр. Мамандар бұл оқу орны инженерия, IT, кәсіпкерлік, жасанды интеллект және тұрақты даму салаларында маман даярлайтын әлемдік деңгейдегі білім ордасы боларына сенімді. 


Бөлісу