Астана аумағын безендіруге көбінесе бархат, шырайгүл гүлдері қолданылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана аумағын безендіруге көбінесе бархат, шырайгүл гүлдері қолданылады

06.07.2018

Көздің жауын алатын жайқалған гүл түптері жылыжайларда жетіледі. Гүлді де сәбидей мәпелеп өсіреді. Ақпаннан бастап тұқымы топыраққа егіледі. Арнайы температурада бапталады. Сыртқа шығармас бұрын 10 күндей қоршаған ортаға бейімделеді.

Бақтияр Шаймұхамбетов, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ бас агрономы:

- Гүлдердің тұқымынан біздің гүлзарларға түскенге дейін уақыт 45 күннен 90 күнге дейін созылады. Әрине, ол гүлдердің түріне байланысты. Кейбірі 45 күнде, кейбірі 60 күнде, кейбірі 90 күнде көтеріледі.

Көктемнің кеш келуіне орай биыл гүл егу науқаны әдеттегіден жай басталды. Елорданың мерейлі жылында 130 мың шаршы метр аумаққа 6 млн-нан астам гүл егілмек. Биылғы ерекшелік - көпжылдық гүлдердің ауқымы кеңейтілген.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

- Астана аумағын безендіруге көбінесе бархат, шырайгүл гүлдері қолданылады. Жалпы, қала көшелерінде біржылдық гүлдің 20-дан астам түрі егіледі. Олардың 50-ге жуық түсі кездеседі.

Биыл 30-ға жуық жасыл мүсін қала көшелерінің шырайын келтірмек. Керік, түйе, піл, қолтырауын, қобыз, домбыра секілді сәулет пішіндері түрлі ғимараттың сипатын ашады. Бұл мүсіндерге арналған гүл де бір жыл бойы бапталып, дайындалады. Әр пішіннің 1 шаршы метріне 2 мың дана гүл кетеді. Жасыл өскін жазда қурап не бүлініп қалса, жаңасы егіледі. Гүл таңдауда Астананың ауа райы да ескеріледі.

Гүлмен қоса биыл қалада 20 мыңға жуық ағаш отырғызылады. Саябақ, тынымбақ, көше мен жол жиегі аққайың, қарағай, терек, емен, жұпаргүл секілді жасыл желекпен көмкеріледі. Сөйтіп, жасыл қала, гүл-қала - арайлы Астана шаһар қонақтары мен тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлауға дайын болмақ.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу