Медициналық көмектің ашықтығын бақылауға болады
Өзіңіз тіркелген емханада соңғы рет қашан болдыңыз? Қандай анализ тапсырдыңыз? Ал дәрі-дәрмек тағайындалды ма? Әрбір қазақстандық әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры шығындарын бақылай алады. Өзі алмаған қызметтерге төлем жасалмағанын да қадағалауға мүмкіндік бар. Оны қайдан көруге болады?
Айжан Иманғали, тілші:
Иә, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры шығындарын үйде отырып қадағалай аласыз. Бірінші әдіс - egov.kz порталы, екінші әдіс - eGov Mobile қосымшасы, онда eDensaulyq бөліміне өтіп, көрсетілген медициналық қызметтер туралы деректерді ашсаңыз болады. Үшіншісі - Damumed қосымшасы. Онда «Менің деректерім» бөліміне өтіп, клиникалардағы медициналық деректер нұсқаулығын таңдайсыз. Мұнда дәрігер қабылдауы, талдаулар, рецепттер, еңбекке жарамсыздық парақтары және жолдамалар көрсетілуі тиіс. Төртінші әдіс - әзірленіп жатқан «Qoldau 24/7» қолданбасы, мұнда қызметті растау немесе теріске шығару мүмкіндігі болады.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде заң бойынша Сіздің қатысуынсыз медициналық қызметтерді рәсімдеуге және төлеуге жол берілмейді. Демек дәрігер қабылдауы, зертханалық талдаулар, диагностикалық процедуралар, сондай-ақ ауруханаға жатқызуды рәсімдеуге және төлеу үшін медициналық жазбалармен расталуы тиіс.
Сонымен, қандай жағдайда күдіктенуге болады? Сіз басқа қалада немесе шетелде болған күндері жазылған қызметтер, сіз жасатпаған КТ/МРТ немесе қымбат анализдер, болмаған госпитализация, жасыңызға немесе жынысыңызға сәйкес келмейтін скринингтер, қайтыс болған туысыңыздың атына жазылған қызметтер.
Егер Сіз қандайда бір заң бұзушылықты анықтасаңыз , қосымшадағы деректерді скриндеп, күнін, клиника атауын және қызмет түрін жазып алыңыз. Әрі қарай, емхананың жанындағы пациенттерді қолдау қызметіне хабарласыңыз, егер нәтиже болмаса- eOtinish арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына шағым түсіруге болады. Жақында іске қосылатын Qoldau 24/7 қосымшасы арқылы да хабарлауға болады.
Заң бұзушылық расталса, ақша қорға қайтарылады. Егер заң бұзушылық сомасы бір айда 200 АЕК-тен, яғни 865 мың теңге асса немесе қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, материалдар құқық қорғау органдарына беріледі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мамандары дәрігерге жазылу және медициналық ақпаратты тексеру үшін тек ресми сервистерді пайдалану керектігін айтады. Әрбір азамат eGov Mobile арқылы медициналық тарихын тексеріп отыруы қажет. Жеке сәйкестендіру нөмірін, электронды цифрлық қолтаңбаны және SMS-кодтарды ешкімге бермеу, құпия сөздерді жаңартып отыру, күмәнді жазбалар тапқан жағдайда бірден ресми шағым түсіруге кеңес береді. Айта кейтейік, қазіргі уақытта медициналық ұйымдарда дәрігердің қабылдауы кезінде биометриялық сәйкестендіру әдісі енгізіліп жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы