Орталық Азияда құрғақшылық қаупі жоғары
2028 жылға қарай Орталық Азияда су тапшылығы туындауы мүмкін. Себебі Ауғанстанда «Кош-тепа» каналы іске қосылады. Аталған каналға су Әмудария өзенінен бұрып алынады. Тиісінше су көлемі 15-20 пайызға азаяды деген болжам бар. Аймақ елдеріне тіршілік нәрін ауғандармен келісе отырып пайдаланудан өзге амал жоқ. Ал сарапшылар суды әділ бөлуді реттейтін халықаралық қауымдастық керек дейді.
«Кош-тепаның» ұзындығы 285 шақырым болады. Бұл канал арқылы Ауғанстандағы 550 мың гектардай алқапты суғару көзделген. Ауған билігі егін шаруашылығын дамытып, елдегі азық түлік тапшылығын шешуге ниетті. Алайда 300 мың гектар жер дәнді дақыл егуге жарамсыз. Мамандар оған қанша су жібергенмен өнім шықпайды, - деп отыр.
Вадим Соколов, Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитетінің басшысы:
Құнарсыз жерді қанша суғарғанмен пайда жоқ. Ауғандар 10-12 мың текше метрге дейін су пайдалануы мүмкін. Бұл - Әмудариядан келетін судың 15 пайызына тең. Климаттық өзгерістерге байланысты өзендердің деңгейі онсыз да төмендеп кеткен. Енді канал іске қосылса, жағдай тіпті қиындайды.
Өткен жылы суды тиімді пайдалану бойынша әлем елдерінің рейтингі жарияланды. Орталық Азия мемлекеттерінде көрсеткіш көңіл көншітпейді. Әмудария мен Сырдария өзендерінің жыл өткен сайын арнасы тартылып, жоғарыдан келетін тіршілік нәрі азайып барады. Мәселе біз ойлағаннан күрделі дейді мамандар.
Тахир Маджитов, «Сушы» ҚБ жетекшісі:
Суды әділ бөліп, тиімді пайдалануды реттейтін халықаралық бірлестік құрылуы керек. Осы арқылы су шаруашылығы саласындағы басқару жүйесін жетілдіруге мүмкіндік туады. Тіршілік нәрінен таршылық көрмесек, Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігіне де алаңдамас едік.
Бір қуанарлығы, Қазақстан мен Өзбекстанның суды үнемді пайдалану тәжірибесі нәтиже беріп, солтүстік Аралға су жіберу жанданып келеді. Осының арқасында теңіздегі су мөлшері 25 млрд текше метрге жуықтады.
Серік Бекмағамбетов, Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитеті төрағасының орынбасары:
Әр республикада су саласында қандай жақсы істер істеліп жатса, біз қуанамыз. Қандай оң нәтижелер болса, бізге де жақсы. Өйткені егер Өзбекстан елі суды үнемдесе, онда сол су Қазақстанға жетеді, сол су ары қарай біздің Аралдың толуына да оң әсер етеді.
Орталық Азия елдері үшін су мәселесі жыл өткен сайын күрделене бермек. Соңғы жиырма жылда тіршілік нәрі адам басына шаққанда шамамен 30 пайызға төмендеген. Ал аймақтағы су қорының 70 проценті трансшекаралық өзендердің еншісінде.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы