Басты Жаңалықтар Щучинск қаласында дәмханада болған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды

Щучинск қаласында дәмханада болған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды

Ақмола облысының Щучинск қаласында дәмханада болған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиға орнында 5 министрліктің өкілдері бар ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр. Айта кетейік, кеше кешке курортты қалашықтағы дәмханалардың бірінде қуатты жарылыс болып, 7 адам қайтыс болды, оның бірі 15 жастағы жасөсіпрім. 28 адам зардап шекті.

Айғаным Досымбек, қала тұрғыны:

Үлкен жарылыстың даусы естілді. Біз ата-анаммен барлығымыз осы дәмханаға жүгірдік. Осы кезде адамдар өрттің ішінен шығып жатты. Адамдарға көмектесіп, тіпті кейбіреуі өртеніп жатты. Оларды ауруханаға алып кетіп, көлікке отырғызып жатты. Кейбіреулері өздері шығып, өздері кетті.

Өрттен зардап шеккен екі науқас санавиациямен Астанаға жеткізіледі

Зардап шеккен 11 адам қазір Щучинск пен Көкшетаудағы ауруханалардың жансақтау бөлімінде жатыр. Екеуін санавциация көмегімен Астанаға жеткізуге дайындауда. Бүгін өңірге арнайы келген Төтенше  жағдайлар министрі оқиғаның мән-жайымен танысып, науқастардың хәлін білді. Жергілікті әкімдік қаза болғандардың отбасы мен зардап шеккендерге көмек көрсетеді.  

Әлия Рүстемова, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:

Қазір ауруханада 13 адам ем алып жатыр. Оның алтауы түнде Көкшетау қаласындағы көпбейінді облыстық ауруханаға жеткізілді. Жеті адам осы Бурабайдағы ауруханада жатыр. 13 науқастың 11-і жансақтау бөлімінде. Жағдайлары ауыр. Дәрігерлер тиісті қолдан келген көмекті аяп жатқан жоқ. Науқастардың жағдайы Денсаулық сақтау министрлігінің қатаң бақылауында.
Бөлісу