«Оқжетпес» пен «Елімай» ФК жыл соңына дейін жекешендіріледі
Еліміздегі футбол клубтары біртіндеп жекенің қолына өтіп, Қазақстанда футбол индустриясының жаңа моделі қалыптасып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы да осындай еді. Яғни, кәсіби клубтар бюжетке тәуелді болмай, дербес дамудың жолына түсуі керек. Жекенің қолына өткен және инвесторлармен келіссөз жүргізіліп жатқан клубтар жайлы тілшіміз толығырақ баяндайды.
Футбол клубтары жекенің қолына өтсе де әлі мемлекет тарапынан қаржыландырылып жатыр деген ақпарат тарады. Бірақ бұл бұрмаланған ақпарат.
Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл мәселе қайдан шыққан? Біз бюджет бекіткенде алдағы үш жылдық бюджетін бекітеміз. Футбол клубтары жекеге өтпей тұрып, қарастырылып қойған қаражаттар, енді оларға бөлінбейтін болады.
Әуелі жекенің қолына өткен клубтарды түгендеп алайық. «Ақтөбе» «E-QAZYNA» платформасы арқылы жекешелендірілді. Шымкенттік «Ордабасы» бойынша да меморандумға қол қойылды. «Шахтер» былтыр ірі компанияының меншігіне өтті. Қызылорданың «Қайсары», Жамбылдың «Таразы», Солтүстіктегі «Қызылжар» және Астанадағы «Жеңіс» клубтары коммерцияланып, иелері анықталды.
Айбек Қабылша, «Қайсар» ФК президентінің кеңесшісі:
Қазір «Қайсардың» стадионы бар. Ал қазір академияның құрылысы жүріп жатыр. «Қайсардың» базасы салынып жатыр. Ол академияда шамамен 8 алаң болады деп жоспарланып отыр.
Футбол - спорт әрі бизнес. Инвестор табыс табам деп келеді. Бірақ клубтар жекенің қолына өтсе де, белгілі бір талаптарды орындап, үнемі бақылауда болады. Өйткені, футбол –салауатты өмір салтын насихаттайтын қазықты құралдың бірі.
Мейрамғазы Сапарғалиев, ҚР Туризм және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі:
Қазіргі уақытта сол жекешелендіруге өткен клубтардың барлығы сол келісім бойынша, талаптарға сай жұмыс істеп жатыр. Оның нақты талаптары әрқайсында әр түрлі. Оның ішіндегі басты талап - академияны ашу және әрі қарай дамыту, жетілдіру жұмыстарын жүргізу.
Қазір Ақмоланың «Оқжетпесі» мен Абай облысының «Елімай» клубтары жыл соңына дейін инвесторға беріледі деп жоспарланған. Жекешелендіру арқылы мемлекет жыл сайын миллиардтаған қаржыны үнемдейді, ал үнемделген қаражат мектептерге, денсаулық сақтау саласына, спорттың бұқаралық базасына бағытталады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы