Өзінің қоңыр дауысымен көпшілікті еліткен елге танымал диктордың бірі Мейрам Базарұлы Қазақ телевизиясына 1980-жылдары келді. Тележурналистикада өз қолтаңбасын қалдырған әріптесіміз ақпараттық-сараптамалық «Шарайна», «Ақшам» бағдарламаларын жүргізді. Әсіресе, оқиға орнынан репортаж беруде Мейрам Базарұлының тәжірибесі ұшан теңіз. Талдықорған қаласында «Qazaqstan» телеарнасының тілшілер қосынының ашылуына үлес қосып, сол өңірдің меншікті тілшісі ретінде Жетісу жерінің жаңалықтарын қалт жібермейтін.
Мейрам Базарұлы өзінің еңбек жолын 1980 жылы Қарағанды облыстық телеарнасында бастады. Спорт тақырыбына жүйріктігі байқалып, Орталық телерадиокомитетке шақырту алады. Халықаралық жарыстарды тікелей эфирде жүргізген қазақтілді комментаторлардың бірегейі 1990-жылдардағы ірі оқиғалардың басы-қасында болды. Ұлттық арнаның Алматы облысындағы меншікті тілшісі, «Жетісу» телеарнасында бірнеше жыл бойы басшылық қызметтерді атқарды.
Мұхит Тоқтасын, облыстық «Жетісу» телеарнасының тілшісі:
- Тележурналистиканың қыры мен сырын білуге құмартқан жастарға шабыт беруден шаршаған емес. Өзінің бай тәжірбиесімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтып отырады. Сосын ерекше сенім артады. Егер сол сенімнің үддесінен шыға білсең, төбесі көкке жеткендей ерекше қуанады.
Өз ісінің һас шебері қазір де ақпарат айдынынан алыстаған жоқ. Облыстағы басылымдардың басын біріктірген серіктестіктің директоры. Мерзімді баспаға жаңа леп әкелген білікті басшы биыл қос газеттің ғасырлық тойына әзірлік үстінде.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ