10 қыркүйекте ЭКСПО көрмесі келушілерді қалай қабылдайды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

10 қыркүйекте ЭКСПО көрмесі келушілерді қалай қабылдайды?

07.09.2017
10 қыркүйекте ЭКСПО көрмесі келушілерді қалай қабылдайды?

2017 жылғы 10 қыркүйекте ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылу салтанаты өтеді. Іс-шараның ресми бөлімі Конгресс орталығы ғимаратында, көрсетілім Амфитеатр сахнасынан 20:00-ден 20:50-ге дейін жүргізіледі.

10-қыркүйекте көрме штаттық режимде қызмет етеді, барлық павильондар қонақтарды 09:30-дан 20:00-ге дейін қабылдайды. Көрмеге кіру аумағы алдындағы ресми билет кассалары 09:00-ден 18:30-ға дейін және 22:00-ден 00:30-ға дейін жұмыс істейтін болады. Ал, 19:00-ден 22:00-ге дейінгі уақыт аралығында Көрменің барлық кіреберістері жабылады. Оңтүстік және батыс кіреберістері сағат 22:00-ден бастап қайта ашылады және келушілерді 01:00-ге дейін қабылдайды.

Павильондар атриумы 22:00-де ашылып, 02:30-ға дейін жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында халықаралық павильондар өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынады. Көрме кешені аумағындағы мейрамханалар мен тамақтану орталықтары жұмыстарын 22:00-ден 02:30-ға дейін жалғастырады.

Концерттік бағдарлама сағат 18:00-ден 20:00-ге және 21:00-ден 23:10-ға дейін Амфитеатр сахнасында өтеді, оны ЭКСПО-2017 көрмесіне кіру билеті арқылы тамашалауға болады. Көрменің жабылу салтанатына арналған отшашу сағат 21:15-те өтеді.

Естеріңізге салайық, ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі Астанада 2017 жылдың 10 маусымында басталған болатын. «Болашақ энергиясы» тақырыбы энергетика саласының қазіргі кездегі жаһандық мәселелерін қамтыды. Көрмеге баламалы энергия көздері саласындағы жаңа технологияларды ұсынған 115 мемлекет және 22 халықаралық ұйым қатысуда.

Хабарламаларға жазылу