«ЭКСПО-2017» көрмесі аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ЭКСПО-2017» көрмесі аяқталды

11.09.2017

Жылдың басты оқиғасы, 3 айға созылған «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі осымен аяқталды. Халықаралық шараның жабылуына Түркия, Иран, Пәкістан сынды 15 мемлекеттің Үкімет басшылары қатысты. Салтанатты шараның аяқталу кешіне 370 шетелдік БАҚ өкілі келіп, хабар таратты. Жабылу рәсімінде мультимедиялық шоу ұйымдастырылып, «Болашақтың энергиясына» қатысты бірнеше жоба таныстырылды. Сонымен қатар, «Адам қуаты» деп аталатын ерекше акция ұйымдастырылды. Онда Елбасыдан бастап қонақтар қол ұстасып, бір-біріне қуат беріп, «Нұр Әлемге» жарық сыйлады. Бұл тізбек 2 232 адамнан құралды. Себебі, «ЭКСПО» көрмесі де 2 232 сағатқа жалғасқан екен. Жалпы, 3 ай бойы көрмеге әлемнің 178 мемлекетінен 4 миллионға жуық адам келген. Осы уақытта 3,5 мың мәдени шара ұйымдастырылып, 33 мыңдай әртіс өнер көрсеткен. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» көрмесінде адамзат өміріне елеулі өзгерістер әкелген 153 жаңа өнертабыс таныстырылған.

Айта кетейік, «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі маусымның 10-да басталған. Көрмеге 112 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысып, «Болашақтың энергиясы» тақырыбында 130-дан астам экспозиция ұсынды.

 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу