Бұл туралы BNews.kz. хабарлады.
Сапар барысында Австралияның Сыртқы істер министрлігі және Қоршаған ортаны қорғау министрліктерінің басшылығымен, Виктория штатының заң шығару кеңесі төрағалары және Сауда министрлігі хатшысының орынбасары мен Канберра мен Мельбурнның іскерлік және ғылыми топтарының өкілдерімен кездесулер өтті.
Австралия Сыртқы істер министрінің орынбасары Рик Вельспен келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Австралия арасындағы екіжақты ынтымақтастық ахуалы мен алдағы даму перспективаларын, визалық тәртіпті жеңілдету және Австралияның Қазақстандағы бас консулдығын ашу мүмкіндігі туралы мәселелерді талқылады.
Р. Жошыбаев Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы бойынша келіссөздер кезінде және «ЭКСПО-2017» көрмесін Астанада өткізу бастамасына қолдау көрсеткені үшін австралиялық тарапқа алғысын білдірді. Өз кезегінде Австралия дипломаты Қазақстан «ЭКСПО-2017» көрмесін жоғары деңгейде өткізетіндігіне толықтай сенетіндігін жеткізді, деп мәлімдеді ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
Қоршаған ортаны қорғау министрлігінде вице-министр Хелен Гайзес Австралия 2006 жылғы Энергия тиімділігі туралы заңға сәйкес баламалы энергия көздерін дамытып жатқанын және жаңартылмалы энергия көздерін пайдалану жөніндегі мемлекеттік бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін баламалы энергетиканы жалпы энергия тұтынудың 23 пайыз деңгейіне жеткізуді көздеп отырғанын атап өтті. Былтыр Австралияда 1 миллионнан астам үйдің шатырында күн батареялары орнатылды.
Мельбурн қаласында «ЭКСПО-2017» комиссары заң шығару кеңесі төрағалары Брюс Аткинсон және Тельмо Лангуйлер-Торнезимен, сондай-ақ, Виктория штатының Сауда министрлігі хатшысының орынбасары Джейм Микпен кездесті. Кездесу барысында Виктория штатының ғылыми-зерттеу орталықтары мен компанияларының Астанада өтетін көрмеге қатысуы Қазақстан мен Австралия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың нығаюына және жаңа дәрежеге шығуына ықпал ететіні талқыланды. Дж. Мик Виктория штатының компаниялары «жасыл» энергетика саласындағы өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екендігін жеткізді.
Сапар барысында Р. Жошыбаев осы аймақтағы «жасыл» экономиканы дамытуға атсалысатын ғылыми-зерттеу орталықтары, университеттері, колледждер мен оқыту қауымдастықтарын біріктіретін жетекші білім беру мекемесі – «Монаш Университетінде» болды. Университет ғалымдары «болашақ энергиясы» тақырыбының өзектілігін және ҚР Президентінің «ЭКСПО-2017» негізінде БҰҰ-ның «жасыл» технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамыту орталығын құру бастамасының маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Қазақстан мен Австралия. Жаңа мүмкіндіктер» бизнес-конференциясы аясында екі ел алдында тұрған ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы тақырыптық пікірталас жалғасты. Конференция ұйымдастырушылары – Австралия Ұлттық университеті мен Мельбурн қаласындағы ҚР-дың құрметті консулы Эндрю Фэрнихоу.
«ЭКСПО-2017» комиссары екіжақты ынтымақтастық спектрін кеңейтетін әлемге әйгілі Көрмеге дайындық барысы мен Қазақстанда бизнесті дамытудың әлеуетті мүмкіндіктерімен таныстырып өтті.
Конференция қорытындысы бойынша «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ-мен австралиялық Swagmantour туристік агенттігі арасында туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандум Қазақстан мен «ЭКСПО-2017» көрмесін Австралияда туристік бағыт ретінде ілгерілетуді көздейді.