Шалғай ауданда шаруалар дронмен мал бағып, сандық технологияның игілігін көріп келеді. Үкіметтен грант алып, ауыл шаруашылығы саласында стартап жобаларын дамытып отыр.
Саян Баетов – IT саласының білгірі. Үш жыл бұрын Алматыдан туған жеріне оралды. Қаладан далаға келген жас тың идея ала келді. Мәселен, Саянның сиырлары қос сырғалы. Бірі – мемлекеттікі, екіншісі – шетелдік. Соңғысы мал санағы үшін қажет.
Саян Баетов, кәсіпкер:
- 2-3 метр жерден сырғасы көрінеді. Сосын смартфон арқылы санап, қайсысы жоқ екенін анықтаймыз. Тағы бір пайдасы – әр сиырдың тиімділігі жөнінде біліп отыруға болады.
Өнертапқыш енді бұл қосымшаны Google Play Market пен App Store-ға сатуға шығармақ. Кез келген адам жүктеп алып, қолдана береді. Бұл - бірақ Саянның екінші жобасы.
Саян Баетов, кәсіпкер:
- Ізденіп, бизнес жоспар жасадым. «Дамуға» апардым. Ақшасына құрылғы сатып алдым.
Саян секілді аудандағы 500-ден астам қожалық өкілі ептеп сандық технологияға көшіп келеді. Бүгінде 96 қыстақта күн панелі орнатылған.
Жас кәсіпкер үш тіл біледі. Есепке жүйрік. Келешекте айына 2 млн теңге табыс табамын деп мақсат қойған. Әлеуметтік желіде өзі секілді жас кәсіпкерлерге кеңес береді, тәжірибесімен бөліседі. Болашақ осындай азат ойлы, тың идеялы жастардыкі екеніне анық сенесің.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ