Әлемдік экономиканың ахуалы ала құла. Болжам көңіл көншітпейді. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының есебіне сәйкес былтыр жахандағы шетел инвестициясының жалпы көлемі 27 пайызға, яғни 1,1 триллион долларға дейін төмендеп кеткен. Бірақ бұл үрдістің әзірге біздің елге еш қатысы жоқ. Қазақстанда шетел инвестициясын тарту шаралары тұрақты әрі ширақ. Бұл туралы Елордада өткен шетел инвесторларының кезекті 32-ші кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Президенттің айтуынша былтыр біздің елге келген шетел капиталының жалпы ағыны 24,3 миллиард долларға жетіп, 2017 жылмен салыстырғанда 16 пайызға өскен. Мұның барлығы – қазақстандықтардың табанды еңбегі мен ұжымдық жұмыстың арқасында іске асып келеді. Дегенмен, жахандық жағдайдың сәт санап өзгеріп жатқанын ескерсек, атқарылған жұмысқа тоқмейілсуге әсте болмайды.
Бұл ретте Мемлекет басшысы жаңа технологиялар әлемдік экономиканың құрылымы мен бәсекеге қабілеттілікті түбегейлі өзгертіп жатқанын тілге тиек етіп, алдағы онжылдықтарда адамзат тап болатын сын-қатерлерді ескеру қажеттігін еске салды.
Тәуелсіздік жылдары Қазақ еліне 300 миллиард доллар инвестиция тартылған. Шетелдік ірі инвесторлардың қатарында «Эксон Мобил» мен «Теңізшевройл» компанияларының бәсі бөлек. Азаттықтың алғашқы жылдарынан қазақ топырағына келіп, мұнай-газ өндіре бастаған бұл компаниялар осы күнге дейін жалпы соммасы 77 миллиард доллар инвестиция құйып, 10 мыңнан астам жергілікті халықты жұмыспен қамтып отыр. Ал қаржы секторы бойынша «Ситигруптың» үлес салмағы басым. Әлемнің 100-ге жуық елінде 200 миллион клиентке қызмет көрсететін қаржылық институт осы күнге дейін Қазақстан үкіметімен бірлесіп 7,7 миллиард доллар болатын облигациялар тартуға мұрындық болып, «Самұрық Қазынаны» қайта қаржыландыруға 16 миллиард доллар жұмсауға себепкер болған. Сондай-ақ, тау-кен өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін шетелдік инвесторлар да біздің елде көптеп саналады. Солардың арасында жеті жарым мың қазақстандықтың екі қолына бір күрек беріп отырған «Химпармның» орны бөлек. Кеңесте Президент адам капиталына инвестиция салу елдің экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына оң ықпал ететінін де ескертті. Шетел инвесторлары қазақстандық түлектерді бағалау ісіне араласуы тиіс. Жұмыс берушілер мен жоғары білімнің байланысы баянды болмай, бұл мақсатқа жету мүмкін емес. Сондықтан жоғары білім жүйесін жетілдіру, олардың арасындағы академиялық және ғылыми байланысты заман талабына сай дұрыс жолға қою қажет.